Тамыздың алғашқы жексенбісі көлік және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қаламыздағы «Технологиялық транспорт басқармасының» жұмысымен танысып, жүргізушілердің жай-күйін білу үшін таң ала көбеңнен жұмысшылар автостанциясына бет алдық. Жаңаөзенде таңғы сағат 6.30. Қала көшелерінде бірен-саран көліктен басқа ештеңе жоқ, аялдамаларда ешкім көрінбейді, бекетте адам қарасы әзірге аз. Таңғы 7-де бірінші вахта аттанады екен. Оған дейін бір жүргізушімен сұхбаттасайық деген оймен қаз-қатар тізіліп тұрған автобустарға беттедік. Таң атар-атпастан өздері абыр- сабыр болып, жұмысқа кеткелі тұрғанда бізбен сөйлесіп, сұхбат бере қояр ма екен деген күдік те жоқ емес. Дегенмен берілген тапсырманы орындау керек, көліктерді жағалай әр жүргізушіге жалтақтай бір қарап аяңдай бердік. Шеткері тұрған жасы елулер шамасындағы ақ-сары кісінің жүзі жылы көрінді. Жақындап барып, әңгімеге тарттық.
Көлік кабинасында өткен 34 жыл- Аға, көлік жүргізгеніңізге қанша жыл? Жалпы, көлік жүргізушісі болсам деген бала күнгі арманыңыз ба еді? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз? - 1983 жылдан бергі жарты ғұмырым көлік кабинасында өтіп келе жатыр десем артық айтқандық болмас. Әуелі автокөлік жүргізушілерін дайындайтын орталықта сабақ беріп жүрдім. Кейін өндіріске келдім. Бала күнгі арманым, осы мамандықты аңсап, таңдап жүріп оқыдым, өмір бойы жүргізуші болуды армандадым деп айта алмаймын. Рас, ер балалардың барлығы мәшине айдауды қалайтын. Сол оймен мен де елден қалмай оқып, куәлігімді алдым. Кейін өмірдің ағынымен осы салаға келдім. Қазір бәріне ризамын. - Жүргізушіліктің қызығы мен қиыншылығы неде деп ойлайсыз? - Жұмыстың оңайы жоқ. Барлық жерде қиыншылық болады. Бастысы кәсібімді жақсы көремін. Жұмысымды беріле атқарамын. Бірақ, жауапкершілігі де жоғары. Өйткені біз адам өміріне тікелей жауаптымыз. Қызығы сол, бастысы табысым жақсы. Отбасымды асырауға жетеді. Қай кезде де күнкөріс мәселесі алдыңғы орында тұрады ғой. Сондықтан бәріне ризамын. Жолда әртүрлі жағдайлар болып жатады. Көлігіміз бұзылып, тұрып қалатын кездер де болған. Ондайда жолаушыларды артта келе жатқан автобусқа ауыстырып немесе басқа көлік шақыртып жататын сәттер кездеседі. Жаз маусымында көбінесе лагерьге балалар тасымалдаймыз. Сондай кездерде әр баланың көңіліне қарап, шөлдесе жолда тоқтап, дүкеннен су алып беріп жататын қызықты сәттер де кездесіп тұрады. - Алда келе жатқан мерекеге орай әріптестеріңізге тілегіңіз. - Шыны керек, осы тұста айта кеткім келіп отыр, «Көлік және байланыс қызметкерлері күні» деп аталатын арнайы мерекенің бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Айтулы мерекені атап өтуге басшылық тарапынан аз ғана басымдылық берілсе, мерекелік шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Отбасыларына бақ-береке, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тілеймін. Бізбен сұхбаттасқан Технологиялық транспорт басқармасының көлік жүргізушісі Адик Жұмағазиев болатын. Ағамен әңгімелесіп болғанша сүт пісірімдей уақыт өтіпті. Диспетчер қыздың дауысы естілісімен автобекет ерсілі-қарсылы жүгірген мұнайшылар мен автобус гүріліне толды. Бұл жұмыс орындарына кетіп бара жатқан бірінші вахта еді. Сағат 8-де екінші вахта аттанады. Ойымыз - жүргізушілердің бір күндік жұмысымен танысу үшін оларға ілесіп, өндірістік аймаққа бару. 10- 15 минуттың ішінде бекет қайтадан тынышталып қалды. Әлі 1 сағаттай уақыт бар. Әр жерде топ болып әңгімелесіп тұрған жүргізушілердің жанына барып, әңгімелеріне құлақ түрдік.
Жанболат ҚЫДЫРҒАЛИЕВ, ТТБ-ның кәсіподақ төрағасы:
- Бүгінгі күнгі біздің басты мәселеміз - көліктерге салқындатқыш орнатып берсе. 40 градус ыстықта өндірістік аймақта көлікте отыру мүмкін болмай кетеді. Жолаушылар да тықыршып, наразылығын білдіріп жатады. Оларды да түсінуге болады. Жұмыстан шаршап шығады. Екінші мәселе - өндірістік аймақтарға кеткен жұмысшыларымыздың күндіз демалатын жерінің жоқтығы. Осындай мәселелерді көтеріп жүрміз, тезірек шешімін тапса жақсы болар еді деген тілек бар.
Сәрсенбек МУСАТАЕВ, ТТБ-ның көлік жүргізушісі:
- Осы мекемеде 1999 жылдан бері жұмыс істеймін. Автомеханик мамандығы бойынша білім алдым. Жұмысымыз ойдағыдай жүріп жатыр. Көріп отырғаныңыздай мен жүргізетін автобус су жаңа, ішінде салқындатқышы бар, бар жағдайы жасалған. Осы көлікпен лагерьдің балаларын, ЭКСПО-ға жолдама алған жұмысшыларды тасып жатырмыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Жылда қалаған жерімізге демалысқа жолдама аламыз. Біздерге осындай жағдай туғызып отырған басшылыққа көп рахмет айтқым келеді.
Үмбет НҰРЛЫБАЕВ, пайдалану бөлімінің аға инженері:
- 1986 жылы осы мекемеден жұмыс жолымды көлік жүргізушісі болып бастадым. 170 техника күнделікті тізбекте жұмысқа шықса, оның 111-і автобус, қалғаны жеңіл техникалар. 4 бағытта жұмыс жасаймыз. Менің міндетім - көліктерді белгіленген бағытта уақытылы жөнелтіп отыру. Таңертең өздеріңіз де куә болдыңыздар, жұмыс өте қызу, әр түрлі жағдайлар болады, шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Бірақ сонысымен де қызық шығар деп ойлаймын. Алда келе жатқан мереке құтты болсын. Әр жыл мекемеміз үшін жемісті, табысты болсын.
Мария БОРАНБАЕВА, №1 автобекет реттеушісі:
- 2002 жылдан бері мұнай саласындамын. Қазір автобекетте бағыттарды хабарлаушы болып қызмет атқарамын. Жұмысымның қиындығынан қызықты сәттері көп сияқты. Өндіріске жұмысшыларды дер кезінде жеткізіп, темір тұлпардың құлағында ойнай білген әріптестерімнің барлығын кәсіби мерекесімен құттықтаймын.
Газеттен екенімізді білген жұмысшылардың бірі басшылыққа алғысын айтса, енді бірі көкейде жүрген өзекті мәселелерімен бөлісіп, мереке қарсаңында әріптестеріне деген жылы лебіздерін білдіріп жатты. Осы сәтте сағат 8 болып, манағы у-шу қайта басталды. Автобустар сеңдей соғылысып, бекеттен шыға бастады. Біз де 522 нөмірлі «ПАЗ» автобусына жүгіріп мініп, таңертеңгі жұмысшылармен бірге өндірістік аймаққа жол тарттық. Күн көкжиектен көтеріліп қалды. Автобус ішінде қалғып-мүлгіген мұнайшылар. Жүргізуші ағай ойлы-қырлы жолдармен көлікті заулатып келеді. 8.35-те №2 МГӨБ-тың 31-ші топтық қондырғысынан бір кісіні түсіріп, кері айналдық. Осылайша жол бойына адамдарды түсіріп, автобусымыз сағат 8.43-те белгілену үшін №2 МГӨБ-қа келді. Күн көкжиектен көтерілмей жатып, көлігін іске қосатын автобус жүргізушілерінің күні бойғы тірлігін оңай деуге келмейді. Таңғы сағат 5.30-да гаражға келіп, көлігінің жай- күйін тексеріп, жұмысқа дайындайды. Жолдама алып, медтексеруден өтеді. 6-дан өте автобекетке келіп, 7-де белгіленген маршрут бойынша жүріп кетеді. Кейін қалаға қайтып келіп, екінші вахтаны алып кетеді. Кейінірек түскі үзіліс. «Күні бойы қызметкерлер скважина аралайды, өндірістік нысандарды тексереді, қалаға бірнеше рет келіп кетеміз. Дегенмен арасында 1-2 сағат бос уақыт болғанда кіріп демалатын орын болса деген тілегіміз бар. Түнеукүнгі 40 градус ыстықтарда көліктің іші қайнап кеткенде, тасалайтын көлеңке таппай қиналдық. Бұл мәселе оқтын-оқтын көтеріліп жүр, оң шешімін табар деген үміттеміз», - дейді жүргізушілер. Кешкі сағат 19.00-де соңғы вахтаның жұмысшыларын тиеп қалаға қайтқан жүргізушілер белгіленген маршрут бойынша әр адамды үйді- үйлеріне таратып, жолда жағармай құю бекетіне соғып, гаражға кешкі сағат тоғыздарда келеді. Өткен жайдарман ойындарында бір ойыншы ТТБ-лықтарды «Таң елең- алаңмен мұнайшыларды жұмысқа әкеліп, күн батқанда үйлеріне таратып, соңында өздері жаяу кететін жүргізушілер» деп әзілдеген болатын. Сол айтқандай, автобусының жай-күйін тексеріп, жуып-тазалап, ертеңгі жұмысқа дайындап, гаражға қойған жүргізуші түнгі тоғыз жарымдарда жаяулатып үйіне қайтады. Ертесі таңғы 5-тен күндегі тірлік қайта басталады.
Жұмысшы тасымалы - жауапты міндет
Жүргізушілердің жұмысымен танысқаннан кейін Технологиялық транспорт басқармасына барып, басшылармен тілдестік.
Жөндеу механикалық шеберханасының басшысы:
[caption id="attachment_31907" align="aligncenter" width="584"] Иманғали ЖАРЫЛҒАПОВ[/caption]- 1971 жылдан бері осы мекемеде жұмыс істеймін. Слесарлықтан бастадым. Кейін мастер болдым. 1992 жылдан бері осы жөндеу шеберханасының басшысы қызметін атқарып келемін. «Көшің көрнекті болсын десең, көлігің күтімді болсын» демекші, біздің негізгі қызметіміз - бұзылған көлікті жөндеп, уақытылы қатарға қосу, жұмыстың тоқтап қалуын болдырмау. Бұрынғыдай емес қазір жағдайымыз жақсы, қосалқы бөлшектер уақытылы келіп тұрады.
Еңбек жолын қатардағы жөндеуші қызметінен бастаған Жамбыл Ноғаев бүгінде «Технологиялық транспорт басқармасының» басшысы. 1983 жылы әскерден жаңа келген жас жігіт қаладағы мұнай мекемелерінің біріне жұмысқа орналасады. Әуелі мұнай колледжінде оқып, кейін жоғары оқу орындарында транспорт саласы бойынша білімін жалғастырады. Еңбек жолында техникалық қызметкерден бастап ауысым бастығы, механик, бас инженер сияқты қызметтерді абыроймен атқарады.
- Сіз басшылыққа келгелі мекемеде қандай оң өзгерістер болып жатыр?
- Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап қызметіме кірістім. Әртүрлі бағытта жұмыстар атқарып жатырмыз. Атап айтар болсақ, пайдалану бөлімінде, жөндеу шеберханасында жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Гараждарда көлік жөндеуге арналған жаңа құралдар орнатылды. Қазір модернизация, жаңа технологиялар кезеңі. Біз де заман талабына сай көштен қалмауға тырысып, қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып жатырмыз.
- Мекемеде техника жетіспеушілігі байқала ма?
- Қазіргі таңда мекеме иелігінде 264 техника бар. Күніне оның 170-і өндіріске қызмет етуге беріледі. Жалпы саны 466 қызметкер жұмыс істесе, оның 74-і инженер-техникалық қызметкер. Негізгі атқарылатын қызмет - мұнайшыларды тасымалдау. Тәулігіне 3500-4000-ға жуық адам тасымалданады. Бүгінде техникаларымыздың 80 пайызы жаңаланды деп нақты айта аламыз. Жетіспеушілік жағынан ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Биылдың өзінде 9 дана жаңа техника алуды көздеп отырмыз.
- Қызметкерлерге өндірістік аймақтан демалатын орын салып беру, көліктерге салқындатқыш орнату секілді мәселелер жөнінде не айтасыз?
- Бұл мәселелер бүгінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бірлесіп шешіліп жатыр. Демалатын орын жайы бірер күнде оң шешімін табады деп толықтай айта аламын. Ал салқындатқыштарға келер болсақ, бұл да айтылып жүрген мәселе. 9 «КамАЗ» автобусымызға келесі жылға дейін салқындатқыш қойылады, оның қаржысы есептеліп, бюджетке салынды. Ал, қолданыстағы «ПАЗ» автобустарында әуелден зауыттан шыққанда салқындатқыш мәселесі қарастырылмаған, енді орнатуға көліктің қозғалтқышы көтермейді. Бірақ оны да шешудің жолдарын жан-жақты қарастырып жатырмыз. Ал кейінгі алып жатқан көліктеріміз салқындатқышпен қамтылған.
- Сонымен қатар жүргізушілер өздеріне берілетін арнайы жұмыс киімдерінің, етіктердің ыңғайсыз екендігін айтып, басқа жеңілдеу формада көлік жүргізушілеріне арнап тіктіруге болмас па екен деген тілектерін білдірді. Осыған көзқарасыңыз қандай?
- Жұмыс киімдері қауіпсіздік техникасына негізделіп жасалған. Отқа, суға, майға, әртүрлі қауіпті қышқылдарға төзімді материалдан тігілген. Кез келген матаны алып жаңа киім тігіп бере алмаймыз. Бірақ, болашақта қауіпсіздік техникасының шарттарына сүйене отырып, басқа материалдан тек қана көлік жүргізушілеріне арналған киім үлгісін жасау жоспарда бар.
- Аутсорсинг әдісімен қанша адам жұмысқа алынды?
- 2016 жылдың наурыз айынан бері қарай 31 адам жұмысқа қабылдадық.
- Алда келе жатқан мерекеге орай тілегіңіз.
- Барлық көлік саласындағы қызметкерлерді алда келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Таңертең әр жұмысшымыз бекеттен аттанғанда солардың тілегін тілеп, аман барып, сау келсе екен деп тақымымызды қысып отырамыз. Барлық мереке иелерінің бастарына амандық, бақыт, денсаулық, жұмыстарына табыс тілеймін.
Сөз соңында «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Мақсат Ибағаровтың кәсіби мереке қарсаңында «Технологиялық транспорт басқармасының» ұжымына деген тілегін білген болатынбыз. - Технологиялық транспорт басқармасы 53 жылдан бері өндіріске жұмысшыларымызды тасымалдаумен айналысып келеді. Қазіргі таңда 7 бөлімше, 5 автотізбек, жөндеу шеберханасы мен бас механик бөлімшесінің басын біріктірген мекеменің қызметі қарқынды жүруде. Бұл кәсіби мереке қарсаңында өндірісіміздің дамуы мен гүлденуіне аталған ұжым қызметкерлерінің сүбелі үлес қосып жүргендігін атап өткен ләзім. Компания басшылығына келген жаңа құрам өткен айда кездесу ұйымдастырып, келер күннің 5 жылдық жоспарымен таныстырды. Алдағы уақытта бекітілген бағдарламаларды орындау барысында ірі және маңызды міндеттер тұр. Соның ішінде транспорт саласы қызметкерлерінің алдына қойылған барлық міндеттердің абыройлы орындалатындығына сенімдімін, - деп сөзін қорытындылаған Мақсат Оңғарбайұлы аталған басқарма қызметкерлерінің жұмыстарына толағай табыс пен сәттілік тіледі.
Айжан НАСЫРОВА Әсел ҚОЙШЫБАЕВА