©
«Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығы бала асырап алуға ниетті ата-аналарды арнайы мектепте оқытатынын бұған дейін айтқан болатынбыз. Өткен аптада орталықтың Ақтау қаласындағы бөлімінде кезекті топ сертификатқа ие болды. Біз де сертификат табыстау рәсіміне қатысып, ата-аналармен тілдесіп қайтқан едік. Артықгүл мен Естайдың отасқандарына 20 жылдың жүзі болса, нәресте иісін аңсағандарына да осынша уақыт өтіпті. Шілде айында олар Олжас есімді сәбиді қамқорлыққа алып, шаңырақтары шаттыққа кенелді. -Бұл – баламыз Олжас, өзіміз Сәуір деп те атап жүрміз. Екі жастан асты. Біздің осы орталыққа келгенімізге бір жылдың шамасы болып қалды. Құжаттарымызды тапсырып, сабаққа қатыстық. Міне, бұйыртқаны осы болар, көп кідірген жоқпыз. Қарағанды қаласына барып баламызды алып келдік. Асырап алушы ата-аналар мектебінің сабағын оқығанның да пайдасы болды. Білмеген тұстарымызды үйрендік. Қазір соның жемісін көріп жатырмыз, - дейді Артықгүл. Есенғожиндер отбасының қуанышына себепкер болған Олжас бұған дейін Қарағанды қаласының сәбилер үйінде тәрбиеленген. Жаңа ата-анасын алғашында жатырқағанымен, тез бауыр басып кетіпті. Екі аптадай күнде кездесіп, бір-біріне бой үйреткен соң үйлеріне алып келген. Қазір Олжас олардың туған баласындай. Тіпті, көпшілік оның әкесінен айнымайтынын айтып таң қалысты. «Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығының маманы Эльмира Абишеваның айтуынша, ерлі-зайыптыларға орталықтың Қарағанды қаласындағы қызметкерлері қолдау көрсеткен. -Баланы алуға, онымен танысып, ата-анаға үйренісуіне осы орталықтың Қарағандыдағы мамандары көмектесті. Ата-анамыз сонда екі апта пәтер жалдап тұрды. Балаға күнделікті барып, жанында болып жүрді. Біздің «Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығымыз Қазақстанның 17 қаласында бар. Өзге өңірден ата-аналар келетін болса, біз де солай жол көрсетіп, көмектесеміз, - дейді Элмира Абишева. Мұнда келген әрбір ата-ананың көкейінде сәби сүйсек деген ізгі арман жатыр. Үміт жетелеген олар арманын шындыққа айналдыру үшін бар мүмкіндікті жасауға әзір. Солардың бірі - Гүлшат атты үміткер. Ол да орталықтағы әзірлік мектебін тәмамдағандар қатарында. -Менің жасым 36-да. Бұл орталық жайлы өткен жылы күзде естідім. Содан соң құжаттарды жинақтап, қамқоршылық бөліміне апарып тапсырдым. Енді міне, үміткерлер қатарына косылдым. Орталыққа келіп кеңес алған соң бала алар алдында асырап алушы ата-аналар мектебіне қатысуды жөн көрдім. Себебі ойымда көкейтесті сұрақтарым да болды. Жасыратыны жоқ, ел жұртқа «Мен бала асырап алайын деп жатырмын» деп айтудың өзі де оңай емес. Бірі түсінсе, бірі түсінбеуі мүмкін. Сондықтан бала асырап аламын деушілерге бұл сабақтар өте қажет деп ойлаймын. Өзің сияқты адамдармен сөйлесіп, жиі кездесе келе бауыр басып, туысқандай болып кетеді екенсің. Сертификатымызды алдық. Болашақта бала асырап алып, өз бетімізбен кетсек те бұл орталық бізге ыстық көрінетін шығар. Үнемі күліп, жайнап күтіп алатын апайларымызға рақмет. Осындай орталықты ашып отырған адамдарға ерекше алғысымды білдіремін, - дейді ол. Ата-аналарға порталға кіретін арнайы ЭЦП кілті беріледі. Олар сол арқылы порталға кіріп, сәбилерді таңдай алады. Мәселен, Арман мен Айгерім дәл осы әдістің нәтижесінде ұлды болыпты. Сертификат табыстау рәсіміне олар да келді. Бес айлық Сабыржанмен екі-үш ай бұрын танысқанымен, шілде айының басында асырап алған. -Порталды үйде жүрсем де, жұмыста отырсам да ашып қарай беретінмін. Бағдарламасын компьютеріме жүктеп алдым да күндегісін-күнде көз айырмайтынмын. Бір күні түстен кейін жұмыста отырып қарағанымда іздегенім табылды. Тұла бойым дірілдеп кетті. «Кездесу» тетіктешін қалай басқаным да есімде жоқ. Іштей «Осы бала енді менікі болады» деген сезім де арпалысып жатты. Жүрегім дүрсілдеп, көзімнен жас шығып үлгерді. Жұмыстас қайын апама айттым. Одан үйге барып, енеме айтып, оны құшақтап алдым. Ол да көңілі босап, толқып кетті. Екеуміз құшақтасып жыладық, - дейді Айгерім толқыныспен. Айгерім асырап алу кезіндегі өзінің әсерімен, естеліктерімен де бөлісті. -Танысуға рұқсат қағазды алғаныммен бір апта күтуім керек болды. Сол уақыт маған өте ұзақ болып көрінді. Баланы көруге енем, күйеуім, үшеуіміз бардық. Біз ынтық болғанымыз сонша, балаға бірден жабысыппыз. Сәбилер үйінің мамандары тоқтатып, «Қолдарыңызды жуып келіңіздер, ақырын» деп ескерту жасағанда бір біліппіз (күліп). Ең бірінші енем қолына алды. Көз жасымызды тоқтата алар емеспіз. Ондағылар бізге таңырқап қарады. «Неге жылайды?» дейтін болар, бәрі бірдей түсіне бермейді ғой. Сабыржан да ерекше көзқараспен қарады. Қазір біз үйде Сабыржанды асырап алдық деп есептемейміз. Әжесі «Мен мұны пенсияға шығып, туып алдым» деп әзілдеп отырады, - деген жас ананың жүзінен қуаныш белгісі анық аңғарылып тұрды. Биыл біздің өңірімізде 5 отбасы дәл осындай қуанышқа кенелді. Оған ««Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығының қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да мұндай игі істі жалғастыра береміз деп отыр орталық өкілдері.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31935,31934,31933,31931,31938,31607"]