«Казкор-Транссервис» акционерлік қоғамы кәсіби мерекесі - Көлік және байланыс қызметкерлері күнін лайықты атап өтті.
Дағдарыс кезеңінің қиындығына қарамастан кәсіпорын ырғақты жұмысынан жаңылған жоқ. Берекелі ұжым төл мерекесін биыл да лайықты қарсы алып отыр. Салтанатты жиынды ашқан «Каскор-Транссервис» АҚ Басқарма төрағасы Әли Сахимов жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп, ортақ табысқа сүбелі үлес қосып жүрген ұжым мүшелерін мерекемен құттықтап, алда тұрған міндеттерге қысқаша тоқталып өтті.
-Түрлі қиыншылықтарға қарамастан Қазақстан темір жолынан келген жүкті алып, Ақтау теңіз портына жеткізу міндетімізді абыроймен орындап келеміз. Ең бастысы, адамдарымызды жұмыстан шығарып, не қысқартуға жол берген жоқпыз. Қауіпсіздік бірінші мәселе десек, адам қауіпсіздігі, техниканың қауіпсіздігі сақталуда. Еліміздің экономикасының дамуына жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, ұйымшылдықпен еңбек еткен біздің ұжымымыз да лайықты үлесін қосып отыр. Бұл ортақ табыста сіздердің әрқайысыңыздың үлесіңіз бар, -деді Әли Өтепұлы.
Озаттар қатарынан көрініп, ерекшеленген бір топ қызметкерлер алғыс хат, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың ішінде жүк қозғалысын ұйымдастыру учаскесінің бастығы Ж. Төлегенов, вагон қараушы-жөндеуші М. Байдашев, Е. Төлембаев, тепловоз машинисі Б. Жұмаев, слесарь-сантехник К. Қыдырбаев тағы басқа бірнеше саңлақтар бар.
Әли Өтепұлы ҚР «Атамекен» кәсіпкерлер Ұлттық палатасы Президумы Төрағасының, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының құттықтау хатын жеткізді. Ж.Дауылбаев, Ж.Досқалиев, Т.Кушалиев, С.Тұрмағанбетов, А.Көшербаев «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапатталды. «Ғасыр-Маңғыстау» ЖШС ұжымы жазғы мезгілге локмативті әзірлеудегі өнімді және жемісті еңбегі үшін «Қамқор-Локоматив» ЖШС бас директорының Алғыс хатына ие болды.
Ұжымда туған күн иелерін құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсыру дәстүрге енген. Бұл жолы Тоқтаргүл Динжанова мен Әбдіқадыр Көшербаевты әріптестері құттықтап, сый-сияпат жасады. Реті келіп тұрғасын айта кетейік, кәсіпорында қарапайым еңбек адамын құрметтеу, мәртебесін көтеру ұдайы назарда ұсталады. Жуырда ғана акционерлік қоғамда атынан 50 жұмысшы Астанаға барып, «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалап қайтты. Бару,келу,жатар орын шығынын мекеме көтерді.
Түстен кейін кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Каскор-Транссервис» кәсіпорнының заман талабына сай жабдықталған, тамаша спорт кешенінде ерлер мен қыздар арасында волейбол мен футболдан жарыс өтті. Жеңімпаздар және үздік өнер көрсеткен спортшылар марапатталып, ақшалай сыйлық табыс етілді.
Болат ҮМБЕТОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="32104,32105,32103,32106"]