Жұмыс табу оңай үрдіс емес. Бір жұмыстың жалақысы ұнамаса, екіншісінің талабы көңілге қонбайды, үшіншісі отбасы жағдайына ауыр тиеді. Сансыз себептер. Ал тағдыр талайына ұшырап, жазықты болып, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдардың жұмысқа орналасуы тіптен қиын. Сотталғандардың тәртібіне күдікпен қарайтын жұмыс берушілердің кейбірінің оларды жұмысқа қабылдаудан бас тартып жататыны да бар. Ал жұмыссыз қалған сотталғандардың қайтадан қылмыс жасап, түрмеге бірнеше қайтара түсіп жүретіні жасырын емес.
Биыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 2-тармағына сәйкес облыс әкімдігінде «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы бекітілді. Жақында Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) ГМ-172/6 мекемесінде осынау жоба аясында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейінгі алғашқы күндер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Оны ашып, жүргізіп отырған ГМ-172/6 мекемесінің бастығы, әділет майоры Ержан Тлеулиев аталмыш әлеуметтік жобаның басты мақсаты—бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейінгі бастапқы кезеңде сотталғанды қоғамға әлеуметтік бейімдеу, оған әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, еңбекпен және тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету, туыстық қарым-қатынасын қалпына келтіруге жәрдемдесу екендігін айтып, түсіндірді.
-Бұл жоба—қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу, осы санаттағы адамдар арасында қайта қылмыс жасау деңгейін төмендетуге бағытталған негізгі жолдардың бірі. Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан тұлғаларды бостандықтағы өмірге бейімдеу–бұл қылмыстық-атқару жүйесі органдарының ғана міндеті емес. Бұл бағытта барлық уәкілетті органдар мен үкіметтік емес ұйымдар кешенді ынтымақтастық жасау арқылы көмек көрсете алады,-деді Ержан Темірханұлы.-Бүгін Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/6 мекемесінен жазаның неғұрлым жеңіл түрімен айырбастау бойынша 1967 жылы Маңғыстау облысында туған Б.Т. босап шықты. Бостандыққа шыққаннан кейін таңдап алған мекен-жайы бар. Білімі орта, денсаулығы бойынша жұмысқа жарамды, жанұялы. Түзеу мекемесінде болған мерзім бойынша екінші дәрежелі оң мінезді, мекеменің мерекелік және спорттық іс-шараларына белсене қатысқаны үшін әр түрлі марапаттарға ие болған, жазаланбаған. Еңбекке деген көзқарасы, туысқандарымен қарым-қатынасы жақсы.
Басқосуда Маңғыстау облысы қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Александр Муха сотталып шыққандарға психологиялық және заңнамалық көмек қажет болса, кез-келген сәтте хабарласуына болатынын айтты. Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының маманы Күнімхан Қожахметова «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жұмыс іздеу және оқу жолдарын түсіндірсе, орталықтың сектор меңгерушісі Гүлфия Абатова жұмысқа орналасу үшін қайда барып, тіркелуі керектігі жөнінде мағлұмат берді.
Сондай-ақ ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Ибрагим Көбегенов, Ақтау қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мейіржан Бекбосынов босап шыққан сотталғандарға тиісті ережелермен таныстырды.
Бас бостандығынан айыру орнынан босаған жігітті қуанышпен күтіп алған бауырлары мен ет жақындары оның болашағына сенімді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Ердос ҚОЖАНТАЙ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31332,31334,31331,31333,31335"]