Каратэ-додан Астана қаласында өткен Азия Чемпионатынан өңір спортшылары олжалы оралды. Бүгін оларды облыс әкімі қабылдап, арнайы құттықтады.
Жиынға облысымыздан додаға аттанған барлық каратэшілер, жаттықтырушылар, спорт саласы мамандары қатысты.
- Cіздер, Азия Чемпионатында аймағымыздың абыройын асқақтаттыңыз. Біз сіздердің жеңістеріңізмен мақтанамыз. Болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің мәртебесін әлемдік деңгейде көтерулеріңізге тілектеспін. Сіздер, еліміздің, Қазақстанның намысын қорғап жүрсіздер, ал карате-до Олимпиадалық спорттың түріне жатады. Еліміздің туын көтеретін үздік спортшылардың қатарына кіруге ерекше мүмкіндіктеріңіз бар, - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
12-16 шілде аралығында Астана қаласында каратэ-додан Азия Чемпионаты өткен болатын. Додада 24 елден келген 640 спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасының намысын 61 каратэші қорғады. Әр салмақ дәрежесі бойынша әр елден бір спортшыдан қатысуға мүмкіндік алды. Жарыс мына бөлімдер бойынша өтті:
-Кадет – 14-15 жас;
-Жасөспірімдер – 16-17 жас;
-Жастар – 18-20 жас;
-Ерексектер - +21 жас;
Сайыстан Ақтау қаласының карате спорт мектебінен аттанған 12 жасөспірімнің 9-ы жүлдеге ие болды. Атап айтар болсақ, Салават Бекарыс, Дүйсенбай Амангүл, Бексұлтан Мұса, Хуповец Екатерина – 3 орын, Байтөреев Еркінбек, Елдашев Нұрнияз, – 2 орын, Айназаров Ермек пен Мұратов Асылбек командалық есепте – 3 орын иеленді. Ал София Галимзиянова қарсыластарын тізе бүктіріп, алтыннан алқа тағынды.
Ересектер мен әйелдердің Қазақстан құрамасы командалық есеппен 3 орын алды.
-Жаттықтырушылар, спорт мекемелерінің қызметкерлері мен басшыларының арқасында Маңғыстау спортшылары әр түрлі деңгейдегі жарыстарда, Әлем Чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында облысымыз бен еліміздің абыройын асқақтатуда. Спортшыларды, жаттықтырушылар құрамын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге береке-бірлік, мықты денсаулық, сәттілік пен табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, - деді Қазақстан Республикасы карате-додан аға жаттықтырушысы, облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мансуров Парвиз Дунямали-оғлы.
Ералы Лұқпанұлы спорт саласының зор жетістіктеріне, сала мамандарының еңбектеріне жоғары баға беріп, алдағы күндерге де сәттілік тіледі.
-Бұл өте жауапты дода. Мұнда тек мықтылар ғана бақ сынасады. Әрине, өз еліңдеөтіп жатқан осындай жарыста чемпион болу үлкен мәртебе. Мен барлығы 4 кездесу өткіздім, төртіншісі финалдық бәсеке. Үндістандық, макаолық, вьетнамдық және жапондық спортшылармен сынға түстім. Осы жетістігім үшін барлық жаттықтырушыларыма алғыс айтамын. Енді қазан айында Әлем Чемпионаты өтеді, соған дайындаламын, - дейді чемпион қыз София.
Жиын соңында құттықтаулармен қатар, спортшыларға ақшалай сый да табысталды.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30647,30635,30648,30638,30641,30639,30642,30643,30644,30640,30646,30650,30649,30636"]