Жұма күні «Іскендір Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мәжіліс залында ауыл тұрғындарының қатысуымен Сәрсенбай және Ұйлық кен орындарында жүргізілетін жұмыстардың қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Қоғамдық тыңдауға аудан әкімдігі жанындағы дербес бөлім басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының мамандары қатысты.
Серіктестік өкілдерінің айтуы бойынша зерттеу жүргізілетін алаң аудандық әкімшілік бөлінісінің құрамына енеді және Каспий теңізінің жағалық беткейінде орналасқан. Алаң аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырымдық қашықтықта жатыр: ең жақын елді мекендер- Ералиев стансасы 20, Жаңаөзен 70, Ақтау 100 шақырым қашықтықты құрайды. Алаңда кеуіп қалған, тастанды құдықтар кездеседі. Тұщы су көзі болмағандықтан ауыз су Құрықтан жеткізіледі. Тексерілетін аудан қатты шөлайтты континенталдық климатымен сипатталады. Жылдың орташа температурасы 11,1оС құраса, жылдың ең суық кезеңі ақпанда- 6,3 оС, ең ыстық мезгілі шілдеде 28 оС құрайды. Кен орындарында мұнай-газ қорының бар екендігін тексеру мақсатында бұрын бұрғылау қондырғылары жұмыс жасаған; кейін түрлі себептермен олар тоқтатылып тасталынған. Кен орындарындағы көмірсутектердің жаңа қыртыстарын ашып, мұнай мен газ қабаттарының көлемін айқындау мақсатында-Сәрсенбай жерінде 2 бұрғылау қондырғысына, 4 қондырғыны тоқтату (қалпына келтіру), 7 қондырғыны тексеріп, бағалау жұмыстарын жобалау жүргізілсе, Ұйлық жерінде бір бұрғылау қондырғысына, 4 қондырғыны тоқтату (қалпына келтіру), 5 қондырғыны тексеріп, бағалау жұмыстарын жобалау жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар қоғамдық тыңдау барысында қатысушылар назарына жүргізілетін жұмыстардың ауаға, жерасты және жер бетіндегі суларға, өндірістік қалдықтардың пайда болуына, санитарлық қорғау аймағына тигізетін әсерін алдын-ала бағалау жөнінде мәліметтер берілді. Аталмыш кен орындарында жүргізілетін жұмыстардың нақты нәтижесі екі, екі жарым жыл аралығында белгілі болады. Қоғамдық тыңдау қорытындысымен серіктестік өкілдері қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды.
Кеніште мұнай-газ көздерінің мол қоры табылып жатса ауданымыз үшін қуанышты жаңалық болмақ. Себебі, кен орындары біздің аудан аумағында орналасқандықтан жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешімін табуына игі әсерін тигізері сөзсіз!
Жалғас АЙТҚҰЛОВ