©
Таяуда «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» қоғамдық бірлестігі Жаңаөзен қаласындағы политехникалық колледжде «Әйелдердің қоғамның саяси өміріндегі, партиялардағы рөлін арттыру» тақырыбында семинар өткізді. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған басқосуды қоғамдық бірлестік төрайымы Роза Маханбетова ашып, жүргізіп отырды.
-Елімізде әйелдердің тең құқығы мен тең мүмкіндігін қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекет тынысының барлық саласына араласу үшін жағдай жасалған,-деді ол.-Гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында атқарылған шаруа да көп. Мемлекет әйелдердің қоғамның әр саласында таңдау бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар жасауда. Қазіргі таңда нәзік жандылардың қоғамдағы орны ерекше. Олардың қатарында аналармен бірге іскер әйелдер мен басшы тұлғалар да бар. Бүгінде облысымыздың 52 пайызы— әйел адамдар. Былтырғы көрсеткіш бойынша қалалық мәслихаттарда әйел-депутаттардың саны 5-ке, аудандық мәслихаттарда 13-ке артқан. Сонымен қатар, статистикалық деректерге сүйенсек, өңіріміздегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың 30 пайызын әйелдер басқаратын көрінеді. Демографиялық өсімді арттыруда да әйелдің рөлі аса маңызды. Осы күні әйел затының қоғамдағы орнын және өңірдің дамуындағы рөлін қолдау мақсатында "Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығы", "Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі", "Бәйшешек" қоғамдық қоры секілді қауымдастықтар жұмыс істейді. Бұлардың барлығының жұмысы әйелдің ел өміріндегі тұлғалық әлеуетін қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған.
Семинарда Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, Phd доктор, қазақ психологиялық қоғамының вице-президенті және «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры Күлмаш Елшібаева, парапсихолог-нумеролог Мәрия Сексенбаева әйелдердің қоғамдағы орыны жайында әңгімеледі.
Семинар барысында жаңа заманға сай әйел көшбасшының иммиджін қалыптастыруға байланысты ақыл-кеңестер, салмақты ойлар айтылды. Қазақ халқының үлгілі тәлім-тәрбиесі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан игі дәстүрі жайында мәнді әңгіме тіні ағытылды.
Жиынға қатысушылар семинар бойы белсенділік танытып, қозғалған тақырыпқа орай өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, сауалдарына жауап алды.
Ұйымдастырушылар осындай семинарды Қарақия ауданының Жетібай ауылында да өткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30428,30429,30431"]