Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында жастар арасында дзюдодан Азия чемпионаты мәресіне жетті. 13-16 шілде аралығында өткен дүбірлі додада маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Бауыржан Нарбаев қарсыластарының барлығын айқын басымдылықпен ұтып, алтыннан алқа тағып, Азия чемпионы атанды. Қуанышты жаңалықпен облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов бөлісті.
[caption id="attachment_30405" align="aligncenter" width="567"] Боз кілемдегі белдесу[/caption]19 мемлекеттің «мен мықтылары» бас қосқан жарыстан 55 келі салмақта Бауыржан Нарбаев алғашқы қарсыласы қырғыз балуаны Доолотбек Таалайбекұлын «иппон» әдісімен тізе бүктірді. Одан кейінгі кездесуінде жапониялық балуан Сейго Накаджимоның жауырынын жер иіскетіп, ақтық сынға жолдама алды. Финалда өзбекстандық Манушер Шириновты 30 секундта «иппон» әдісімен жеңіп, дзюдодан жастар арасында Азия Чемпионы атанды.
[caption id="attachment_30406" align="aligncenter" width="480"] Бауыржан бапкері Манарбек Бисекеновпен[/caption]-Қарсыластарымның қай-қайсысы да осал болған жоқ. Намысты қолдан бермеуге тырыстым, барымды салып күрестім. Бапкерлерім Манарбек Бисекенов, Сергей Волобуев ағайларымның сенімін, ата-анамның үмітін ақтап, алтынды еншіледім. Бішкек төрінде елімнің әнұранын асқақтатып, көк туын желбіреттім. Өте қуаныштымын. Ендігі ең үлкен мақсат-Олимпиада шыңын бағындырып, тәуелсіз қазақ елінің көк туын Олимпиада төрінде желбірету,-дейді Азия чемпионы Бауыржан Нарбаев.
[caption id="attachment_30403" align="aligncenter" width="480"] Бауыржан Нарбаев Азия чемпионы[/caption]19 жасар Бауыржан бұған дейін бірнеше республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатты. Мамыр айында Литваның Каунас қаласында дзюдодан жастар арасында өткен жарыста да сәтті өнер көрсетіп, Еуропа кубогының иегері атанған болатын.
Венера МИРЛАН