«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласынан көшпенділер тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен «ЭКСПО» қонақтары мен қатысушыларын таныстыру мақсатында «көшпенділер» - саяхатшылар тобы шықты. «Nomad Adventure» ат саяхатының маршруты Астана маңындағы Ақбозат ауылынан басталып, Шұбар, Құлшын, Бектау, Барап, Алакөл, Макинка, Базарбек, Қатаркөл сияқты Ақмола облысы елді мекендері арқылы солтүстікке өтіп, Бурабайда Абылайхан алаңқайында аяқталды. Бағдардың жалпы ұзындығы 292 шақырым, үш тәулікке созылды. Саяхат барысында олар қазақтардың тарихы мен ежелгі дәстүрі туралы кеңінен ақпарат алып қана қоймай, сонымен бірге тарихи орындарды, өлкеміздің табиғи және мәдени көрікті жерлерін аралады. Саяхаттың негізгі мақсаты - көшпенділердің дәстүріне негізделген этнотуризмді дамыту. Бурабайға, Абылайхан алаңқайына келген қатысушылар Ұлы Абылай ханға құрмет көрсетті. Ту төмен түсіріліп, мемлекеттің тәуелсіздігін, Қазақстан халқының бірлігі, бейбітшілігі мен келісімін білдіретін тас орнатылған киелі орынға ғибадат ету рәсімін өткізілді. Саяхатшылардың ішінде Ақмола облысының салт аттылары да бар. Олар қонақтарды Көкшенің киелі жерінде лайықты қарсы алу құрметіне ие болды. Артынша меймандар этноауылға шақырылды. Онда қонақтарды домбыраның нәзік үнімен, ұлттық тағамдармен қарсы алды. «NomadAdventure» саяхатына қатысушыларды Абылайхан бейнесі бар естелік белгілермен марапаттау рәсімі өтіп, Бурабай туралы бренд өніммен дайындалған арнайы «қоржындар» табыс етілді. Дереккөз: inform.kz