Ақтауда «Мемлекеттік сектордағы менеджмент» кешенді оқу бағдарламасы бойынша білімін шыңдаған бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге дипломдар табысталды. Оқу бағдарламасы Маңғыстау облыстық әкімдігі мен «Metropolitan Business School» халықаралық мектебімен бірлесе жасақталған.
«Төрт жыл бойы Маңғыстау облыстық әкімдігі бастамасымен жаңа әрі бірегей оқу бағдарламасы бойынша сан сала үздіктері білім алуда. Бұл жолғы лек былтыр қыркүйек айынан бастап 12 модуль аясында мол мағлұматқа қанықты. Көшбасшы мемлекеттік қызметкер, аймақ маркетингі, қызметкерлерді басқару қағидаты, жобаларды басқару тетіктері, шиеленістерді шешу және басқару, стратегиялық менеджмент және коммуникация, мемлекеттік басқаруда құқықтық реттеуді қамтамасыз ету сынды актуальды әрі өзекті тақырыптар қызу талқыланып, тартысты пікір таластар туды. ТМД елдері бойынша білікті әрі тәжірибесі мол тәлімгерлер мазмұнды дәріс оқыды. Қыркүйек пен мамыр айлары аралығында 35 топ өкілдері айына екі мәрте, аптасына үш рет оқуға қатынады. Қызметтегі қызу қарбалас, тығыз жұмыс кестесіне қарамастан білім алушылар белсенділік танытты. Оқу бағдарламасын игеру мерзімі аяқталысымен, әрбір студент жеке диплом жұмысын қорғап шықты. Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор, үздік деп танылған дипломдық жоба иегері облыс әкімдігі тарапынан бөлінген «Іскер әкімшілдік магистрі» (МBA) грантына ие болмақ»,-дейді «Metropolitan Business School» халықаралық бизнес мектебінің директоры Айнагүл Ахметова.
Мемлекеттік қызметкерлерге танымал бизнес-тәлімгер Жексен Васильевич, бизнес администрациялау докторы Татьяна Владимировна сынды ұстаздар дәріс оқып, тәжірибемен бөлісті.
«Оқу басынан бері белгілі академиктер, білімі мен білігі мықты профессорлар сабақ берді. Қазіргі заман қаһарманы – полиция қызметкеріне тән қасиет қандай деген сауалға жауап іздедік. Шыншыл, білімі мол, отансүйгіш, халық үніне құлақ түретін қоғам сақшысы ғана жұмыста жетістікке жете алатындығына көз жеткіздік»,-дейді Қарақия аудандық Ішкі Істер бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Сағындық Аяғанов.
«Оқу жылында мол мәлімет, жаңа ақпаратқа кенелдім. Жиған-терген білімім мен зор тәжірибемді қызмет барысында қолдануды көздеп отырмын. Еңбек өнімділігін еселеу, қызмет тиімділігін арттыру, кадр әлеуетін дамытуда түсініп-түйсінгенім мен көріп-білгенімнің маңызы зор. Әрине мол ақпарат, жан-жақты жаңалықтармен өзге қызметкерлермен бөлісуді жөн санаймын. Ұстаздар тарапынан «Аймақтық деңгейдегі денсаулық сақтау жүйесінің даму стратегиясы» жөніндегі дипломдық жобам жоғары бағаланды. Өз еңбегімде өңірлік медициналық қызмет сапасын, қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыру бағытына баса назар аудардым. Себебі бұл өңір үшін әлеуметтік маңызы зор өзекті мәселе»,-дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті үйлестіру бөлімінің жетекшісі Айгүл Телешова.
Салтанатты рәсім соңында облыс әкімінің орынбасары Шолпан Лазарқызы 28 мемлекеттік қызметкерге дипломдар табыстап, қызметтеріне табыс тіледі. Озық идея, ұтымды ұсыныс, жасампаз жоба жергілікті билік өкілі тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ол үздік жұмыстар мазмұнына жеке тоқталып, оң көзқарасын танытты. 12 мемлекеттік қызметкер өз білімін «Синергия» университетінде жалғауға мүмкіндік алды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="3028,3037,3038,3039"]