©
Ақтауда биыл сегізінші рет 14-15 мамыр аралығында дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир өтті. Жарыстың алғашқы күні бетпе-бет кездесуде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінен жасақталған құрама команда бірінші орынды иеленіп, 300 мың теңгені қанжығалады. Екінші орын Қызылорда қаласының құрама командасына (200 мың теңге) бұйырса, үшінші орыннан Батыс Қазақстан облысының құрама командасы (100 мың теңге) көрінді.
- «Каспий» спорт кешенінде биыл сегізінші рет қазақ батыры Ер Қосай Құдайкеұлы атындағы дзюдодан халықаралық турнир өтуде. Турнирге Грузия, Әзірбайжан, Түркия мемлекеттерінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 550 спортшы қатысуда. Жарыстың алғашқы күні 1997-1998 жылы туған жастар арасында өтеді, екінші күні 2001-2003 және 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында жалғасын табады. Жалпы жарыста облыстың намысын 200-ге жуық балуан қорғайтын болады. Бетпе-бет кездесуге әр салмақ дәрежесінде 5 балуаннан жасақталған құрама команда қатысып, күресетін болады. Жарысты Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық дзюдо федерациясы ұйымдастырып отыр. Турнирдің алғашқы күні балуандарымыз жақсы нәтиже көрсетуде, - дейді жарыстың бас төрешісі Талғат Есекенов.
Жарыстың алғашқы күнінде 1997-1998 жылы туған жастар арасында өткен белдесуде Маңғыстау облысының қоржыны 5 алтын, 7 күміс және 8 қола медальдармен толықты. Алтын медальді жерлестеріне Аманбек Құлқаев (55 келі), Бауыржан Сағынғалиұлы (60 келі), Сұңғат Жұбатқан (66 келі), Қобылан Көшкінбай (81 келі), Ақылбек Айжарықов (+90 келі) сыйлады.
- Бүгінгі жарыста мен бетпе-бет кездесуде 55 келі салмақта күрестім. Алғашқы кездесуіміз құрама команда бойынша әзірбайжандық балуандармен өтті, қарсыластарымызды 5:0 есебімен ұттық. Одан кейін Жаңаөзен, Орал қаласының құрама командасымен кездесіп, финалға жолдама алдық. Ақтық сында қызылордалық құрама команданы ұтып, жеңіске жеттік. Жалпы менің спортты жаныма серік еткеніме он жылға жуық уақыт болыпты. Қазақстан чемпионы атандым, әлем чемпионатына қатысып келдім, - дейді Нұрболат Сеңғалиұлы.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="3002,2996,2999,2997,3000,2989,3004,3010"]