©
Бүгін Парламент Сенаты депутаттарын сайлау процесі өтіп жатыр. Облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі 3 мың 293 мәслихат депутаты таңғы 9:0-ден дауыс беру пункттеріне жиналды.
Биылғы сайлауда алғаш рет дауыс берудің электронды жүйесі қолданылып отыр. Сайлаушылар онлайн тіркеуден өтті. Соның арқасында сайлаушылар туралы ақпарат пен дауыс берудің алдын ала нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясының election.gov.kz сайтынан онлайн тамашалауға болады.
Айта кетейік, кандидаттар 7 маусымға дейін тіркеліп, маусымның 8-і мен 26-сы аралығында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Оған республикалық бюджеттен 92 миллион теңге бөлінді. Жалпы Сенатта барлығы 47 депутаттық орын бар. Олардың 15-ін Президент тағайындаса, қалғанын халық сайлаған мәслихат депутаттары іріктейді.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, 28 сәуір мен 28 мамыр аралығында Сенат депутаттығына 89 үміткер өз кандидатурасын ұсынған. Ресми деректер бойынша, олардың орта жасы 51,9. Ең жас кандидат 30 жаста, ол Ақмола облысы атынан сайлауға қатысып жатыр. Ал үміткерлердің ең үлкені Батыс Қазақстанның 68 жастағы өкілі.
Депутаттыққа үміткерлер арасында 26 – инженер, 21 – экономист, 10 – педагог, 10 – заңгер, 9 – аграрлық сала маманы, 5 – медицина қызметкері, 2 – саясаттанушы және 6 өзге де сала мамандары бар.
Сенат депутаттарының өкілеттілік мерзімі – 6 жыл. 2011 жылдың 19 тамызында сайланған сенаторлардың өкілеттілік мерзімі ағымдағы жылдың 31 тамызында аяқталады. Ал бүгін 16 сенатордың мандаты енді кімге бұйыратыны белгілі болады.