©
Осы атаумен кеше теңіз жағалауында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күніне орай акция өтті. Шараның мақсаты – қоғамның, жастардың есірткі қолдануының алдын алу, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру. Шараны Маңғыстау облысының ІІД есірткімен күрес басқармасы басшысы Жәнібек Сәрсенбаев құттықтау сөзімен ашып, Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне байланысты есірткіге қарсы жұмысқа, нашақорлықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін Қалиев Ерлан Ілиясұлын марапаттады. -Бүгінгі шара Халықаралық Есірткімен күрес күніне арнап өткізіліп отыр. Салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы акция – жыл сайын ұйымдастырылады. Қазіргі таңда жастардың арасында есірткі фактісі кездеспейді. Сондықтан да жастарымыздың, жасөспірімдеріміздің оған тәуелділігін болдырмау үшін осындай іс-шаралар жиі өткірузге тырысамыз. Нәтиже де жоқ емес. Олар спортпен шұғылдануға, пайдалы дүниелермен айналысуға беттегенін байқауға болады, - дейді Маңғыстау облысының ІІД есірткімен күрес басқармасы басшысының орынбасары Әмір Досқалиев. Сондай-ақ, басқарма қызметкері «есірткіге қатысты қандай да бір ақпар естісеңіз не куә болсаңыз, 102 нөміріне хабарласыңыз. Оперативті топ бірден жолға шығып, жағдайды анықтап, қауіптің алдын алады» деді. Ағымдағы кезеңде 150 есірткі құқық бұзушылығы (2016 жылғы көрсеткіш 142), 63 есірткі қылмысы (2016 жылы 61) тіркелген. Заңсыз тасымалданған 448 келі 163,5 грамм есірткі (112 келі, 850, 9 грамм) тәркіленді. Өткен жылға қарағанда 335 келі, 313 грамға артқан. Оның ішінде: «героин» - 68, 27 г. (2016 жылы – 766,34 г.); «марихуана» - 441 келі, 189,2 г. (2016 жылы – 110 келі, 267,5 г.); «гашиш» - 6 келі, 900,84 г. (1 келі 815,2 г.); Сондай-ақ, 95 әкімшілік есірткі құқық бұзушылығы (2016 жылы – 127) анықталған. Шара аясында концерттік бағдарлама, флеш-моб ұйымдастырылды. Жастарға арнайы эмблемалы футболкалар мен бас киімдер таратылды. Сондай-ақ, жиналғандар облысымызға белгілі спорт мектебі түлектерінің көрсетілімдерін де тамашалады. Есірткіні таратуға қарсы күрес шаралары 100 жылдан бері жүргізіліп келеді. 1987 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 26 маусымды есірткіге қарсы күрес күні деп белгіледі. Дәл осы күні өткізілген Халықаралық конференция барысында ВИЧ ауруының таралуына жол ашатын ине арқылы есірткі қабылдауға қарсы күресу мақсатында бағдарлама даярланады.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген автор