©
Бүгін облысымыз бойынша ҰБТ тапсыру кезең басталды. Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ғимаратында бітірушілердің алғашқы легі жауапты сынды тапсырып үлгерді. Жаңа форматтағы ҰБТ-ның алғашқы кезеңі қалай өтуде? Түлектерге әсері қандай? Қиындық тудырған жоқ па? Осы орайда Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірованы сөзге тартқан едік.
- Биыл Маңғыстау облысы бойынша 4900 бала мектеп бітірді. Соның ішінде 3653 бала ҰБТ тапсыруға тілек білдірген. Бүгін ҰБТ-ның бірінші күні. Облыс бойынша 1495 бала тест тапсырды. Барлық 4 пункт бойынша тест дәл уақытында басталды. Сағат 8:10-да балалар аудиторияларға отырғызылып болды. Ата-аналарға, мұғалімдерге онлайн режимде оқушының тест тапсыру сәтін бақылау мүмкіндіктері берілді. Оған осы университет қабырғасынан әрбір аудиторияға жеке-жеке кабинеттер бөлінді. Тест аудиторияларының барлығында салқындатқыш орнатылған. Барлық қолайлы жағдай қарастырылды. Балалардың көңіл-күйлері де жақсы. Міне, аудиториялардан шығып жатыр...
- Түлектердің барлығы тапсырып болды ма?
- Әлі бәрі шыққан жоқ. Биылғы тест тапсыруға берілген уақыт ұзақтығы – 3 сағат 50 минут.
- Қанша комиссия мүшесі жұмылдырылды?
- Жалпы облысқа 4 пункт бойынша 52 министрлік өкілі комиссия ретінде келді. Осы Ш.Есенов атындағы университет пункті бойынша 12 адам жұмыс істеп жатыр. Барлық процесті сол кісілер қадағалайды. Сонымен бірге, мемлекеттік комиссия бар. Денсаулық сақтау бағыты бойынша жедел жәрдем, Төтенше жағдайлар департаменті, балалардың психологтары да осында, дәрігерлер де кезекшілікте. Дәрігердің көмегіне жүгінген, аудиториядан шығарылған оқушылар немесе басқа да келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ.
- Байқасақ, ата-аналар қатты қобалжу үстінде. Балалары жайлы сұрастырып, тілге тартайық десек те қобалжу әсерінен пікір білдіре алмады. Осыншалықты қиын ба сынақ?
- Жоқ, олай емес. Осындай жағдай жылда қайталанады. Балалары тесттен шықпайынша, нәтижесі белгілі болмайынша ата-аналар жай таба алмайды.
- Иә, оның үстіне биыл ҰБТ форматы өзгерді ғой. «Мектепте бір тапсырады, университетте бір тапсырады. Сұрақтар көбейтілген, биылғы тест оңай емес» деп шағымданғандарды да естіп қалдық...
- Бұл мәселе бір-екі жылдай талқыланды. Сол кезде ата-аналар тарапынан, жалпы көпшілік тарапынан ҰБТ ешқандай да баланың білім дәрежесін анықтамайды деген пікір айтылды. Сөйтіп жан-жақты жасалған талдау қорытындысында министрлік оны екі бөліп тапсыруды ұсынды. Бір жыл бойы бүкіл республика көлемінде бұл мәселе зерттелді. Мектепте оқушыларға ауызша айту, тест түрінде, бақылау нұсқасында тапсыру, сонымен қатар, оқу тіліне байланысты эссе жазу мүмкіндіктері берілді. Сөйтіп аттестаттарын алды. Яғни, бала тек тест жаттап қана қоймай, жан-жақты дайындалды, түрлі бағытта сынақтан өтті. Сондай-ақ, биылғы жылғы ерекшелік – түлектер «Алтын белгіні» мектептерінде қорғады. Ал дәл қазіргі екінші тестті ЖОО-да мемлекеттік гранттың конкурсына қатысу үшін тапсырады.
- Осы орайда айта кетсеңіз, биыл облысымызда қанша «Алтын белгі» иегері бар?
- Биыл 128 үміткердің барлығы да үздік нәтижелерін қорғап, «Алтын белгіге» ие болды.
- ЖОО-на тапсырған кезде тек ҰБТ нәтижесі ескеріле ме, әлде «Алтын белгінің» көмегі бола ма?
- ҰБТ сертификаты бойынша қабылданады. Тек конкурс кезінде ғана «Алтын белгінің», халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары басымдықтарын көрсетеді. Яғни, екі бала бір орынға қатар келіп тұрған жағдайда олардың осы артықшылықтары ескеріледі.
- Жаңа тест тапсырып шыққан оқушылар «Біз дайындалмаған сұрақтар да келді» дегенді айтып қалды...
- Баланың бәрі бірдей емес. Бұрын мұғалімдер мектепте баланың деңгейіне қарап жұмыс істейтін. Нәтижесінде оқушылардың білім дәрежесіне байланысты кейбірі ҰБТ-ға қатыспайтын. Қазір мектепте бөлек тапсырып алған соң, бәрі жаппай ҰБТ-ға келді. Ол мәселен, мектепте оқымаған, зейін қойып дайындалмаған бала болуы да мүмкін. Бұрындары тестіге бітірушілердің 68-69 пайызы қатысатын еді, биыл 74 пайызы қатысып отыр. Дайындалмаған балаға дайындалмаған сұрақ келеді. Ал жыл бойы жүйелі түрде дайындық жұмысын жүргізген балалар үшін ешқандай қиындығы жоқ. Бұл олимпиадалық жұмыс емес, жоба емес. Мектепте не оқыды, соны ғана береді, артық материал жоқ. Балалардың қандай деңгей көрсеткені кешке белгілі болады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА