©
«Қай аудитория?», «Қалай болып жатыр екен?», «Экраннан қарағанда қиын емес секілді», «Бізде де солай өтсе екен!». Ш. Есенов атындағы университет маңына барсаңыз, осы төңіректегі сөйлемдерді құлағыңыз шалар еді. Әңгіме ҰБТ жайында. Бүгін облысымыз бойынша тест тапсыру кезеңі басталды. Бітіруші түлектердің алғашқы легі сынақ аудиторияларында отырғанды сыртта жүргендер осылай абыр-сабыр болып жатқан-ды. Алаңдаған ата-ана, уайымдаған мұғалім, тестті келесі лекпен тапсыратын түлектер тыным таппай, аудитория есігіне жалтақтаумен болды. 140 сұрақтың дұрыс жауабын белгілеуге берілген 3 сағат 50 минут аз уақыт па? Тестідегілер тысқа шығамын дегенше оларды алаңдаушылар тобының арнайы кабинеттердегі экраннан ғана бақылауға ғана шамасы жетті. Алаңдауға да негіз жоқ емес. Бұл түлектер – жаңа форматтағы ҰБТ-ның алғашқы тапсырушылары ғой. Бұрынғыдай 120 емес 140 сұраққа жауап береді. Бұрынғыдай бір емес (мектепте ЖОО-да) екі сынақ тапсырады. Бір емес екі таңдау пәні болады. Одан бөлек кей сұрақтардың бірнеше жауабын табуы қажет. Бір тиімділігі - ата-аналар тест кезінде балаларын арнайы экрандар арқылы бақылау мүмкіндігін иеленді. Экраннан біз де байқағанымыздай, бәрі бірқалыпты, түлектер сабырлы күйде жауаптарды белгілеп отыр. Дегенмен ата-аналардың жүзінен сабырлылықты байқай қоймадық. Әрине, баласы үшін жанын шүберекке түйіп жүргені түсінікті жайт. Өздері сынақ тапсырып жатқандай қобалжулы. Сонда да есік алдында экрандағы қызынан көз алмай тұрған ата-ана Өтегенов Мақсатты тілге тарттық: -Қызым тапсырып жатыр. Таңдау пәні – дүние жүзі тарихы. Болашақта мұғалім болғысы келеді. Дайындығы өте жақсы деп айта аламын. Мектептегі емтиханның барлығын беске тапсырды. Ал жалпы бұған дейінгі бақылау тестілерінде 118-120 ұпай жинап жүрді. Тесттің аяқталуына бір сағаттай уақыт қалды. Қазір міне экраннан қарап отырмыз. Ешқандай қобалжусыз жазып отыр. Жақсы ұпай алатынына сенімдімін, - дейді ол. Түлектердің келесі легі ҰБТ-ны 23 маусымда тапсырады. Олар да тесттің қалай өтіп жатқанын бақылап, жағдаймен таныспақ ниетте осында жүр. №23 орта мектептің түлегі Айсұлу Шакабаева медицина саласын таңдап отыр. Болашақта білікті дәрігер болуды армандайды. -Биылғы тест алдыңғы жылғыдан ерекше. Барлық талап өзгерген. Бұған дейін бір ғана таңдау пәніне дайындалып жүрген едік. 11-сыныптың ортасына келгенде бізге жаңа формат бойынша екінші таңдау пәні қосылады деді. Және олардың әрқайсысы 30 сұрақтан 40 ұпайға есептелген. Өзім биология және химия пәндерін таңдап жатырмын. Біз алғашында ҰТО берген сұрақтар бойынша дайындалдық. Кеше өзге қалаларда өткен ҰБТ сұрақтарын алып, салыстырғанды басқаша екенін байқадық. Жаңа сұрақтар енгізген. З0 пайызы ғана бұрынғы. Соған кішкене көңіл-күйіміз түсіп тұр, - дейді Айсұлу. «Алтын белгі» иегері сақадай сай болса да қобалжуын жасыра алмады. Оқушылары үшін тақымын қысқан ұстаздары да тест тапсыру алаңында төбе көрсетті. -Тест өте әділ өтеді деген ойдамын. Түлектер қатаң бақылауда. Солай болуға да тиісті ғой. Біздің №28 орта мектептен тестіге 58 оқушы қатысады. Шамамыздың жеткенінше, мүмкіндігімізше дайындалып жатырмыз. Бәрі ойдағыдай. 23 маусым күні екінші лекпен тестіге кіреміз, - дейді информатика пәнінің мұғалімі, 11 «б» сыныбының жетекшісі Нағима Өтенова. Сырттағылардың жай-күйімен танысып жүргенде түлектер тестті аяқтап, аудиториядан шыға бастады. Сынақтың қалай өткенін білмек болып, оларды есік алдында күтіп алдық. Бердіғалиев Есенғали, №10 орта мектептің түлегі: -Тарих, құқық пәндерін таңдадым. Жалпы тесттегі сұрақтар өзім дайындалғандардан басқаша екен. Сонда да барынша ойланып жауап беруге тырыстым. Ал Ақерке Бекболатова архитектор мамандығын таңдапты. ЖОО-на барғанда одан таңдау пәні талап етілмейді, есесіне шығармашылық емтихан тапсырады. Сондықтан бүгін ол тек үш пәннің (оқу сауаттылығы, қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық) сынағын ғана тапсырды. -Мен үш пәннен тапсырдым, бірақ оның екеуі ғана саналады. Математикалық сауаттылық есепке алынбайды. Толыққанды дайындалғандықтан, ҰБТ мен үшін аса қиындық тудырған жоқ, - деген Ақеркенің жүзінен өзіне деген сенімділікті аңғардық. Түлектердің сөзіне сүйенсек, тест барысында ұялы телефон, шпаргалкалар қолдануға мүмкіндік бар екен. Ресми емес дерек бойынша, 1,2 аудиторияларда бұл әдіс оңай іске асады. Өйткені олар үлкен лекция залдары, ал қалған аудиториялар – шағын кабинеттер. Тар кабинеттер тығылып, айланы жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді екен. Көп ұзамай алғашқы күннің қорытындысы белгілі болады. Түлектерге сәттілік тілейміз!Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген автор