©
«Барлығы өзіміздікі болғанын қаласақ, өзіміздің өнімді тұтыну қажет. Біздің өнімнің 100 пайыз экологиялық таза екендігіне кепіл беремін. Тіпті, ДСҰ-ның мәліметтеріне сәйкес, адам ағзасына барынша пайдалысы - дүниеге келген жерден өнген өнім, сол жердің суы». Елбасының бұл сөзі кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да қанат бітіргені даусыз. Нәтижесінде «Қазақстанда жасалған» тауарларды шығарушылар мен өз өнімдерімізді тұтынушы тұрғындар қарасы күн санап артып келеді. Осы орайда бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП ғимаратында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы қорытындыланып, үздіктерді марапаттау рәсімі өтті.
Жобаның мақсаты - отандық өнім сапасының деңгейін көтеру, аймақ нарығында жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерді арттыру және халық арасында сапа идеясын танымал ету.
Биыл мықтылар сайысына экономиканың түрлі саласындағы жергілікті отандық 25 тауар өндіруші қатысты. Олар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша бақ сынады.
Мына суреттегі «Zhamal-ai» брендінің өнімдері. Жиырма жылдан астам халыққа қызмет кетіп келе жатқан компания тауарларын бүгінде бүкіл Қазақстан тұтынады.
- «Zhamal-ai» компаниясы 1993 жылы «Ақбөбек» атауымен негізінен мокаси аяқ киімін шығару мақсатында ашылған. Кейін мокасиден өндірістік аяқ киімдерге ауысты. Екі жылдан бері ол цехын қайта қалпына келтіріп, халыққа ұсынып жатырмыз. Сонымен қатар, «Sharkey» дейтін бренд аштық. «Интертоп» дүкендерінен де «Жамал-ай» өнімдерін сатып ала аласыздар. Жылына 7000 дана аяқ киім шығарамыз. Еліміздің барлық қалаларында дүкендеріміз бар, жақында Жаңаөзен қаласынан ашпақпыз, - дейді ЖШС «Zhamal-ai» LTD директорының орынбасары Медағұл Алмас.
Шара барысында өңір тұрғындары мен қонақтар қатысушылардың өнімдерін тамашалап, ұнаған тауарларын сатып алды.
«Далокош» шоколад өнімдері де байқау сөрелерінен орын алды. Шеберхана шоколадтан түрлі өнімдер шығарумен айналысады. Белгиялық, колумбиялық компаниялармен бірлесіп жұмыс істейтін олар арнайы тапсырыстарды жиі қабылдайды. Оған қоса, «Балаларға арналған экскурсиялар, шеберлік сыныптарын өткізіп тұрамыз. Онда балалар шоколадтан түрлі бұйымдар жасап үйренеді» дейді шеберхана өкілдері.
Трансформерлер қазіргі таңдағы балаларды қызықтыратын бірден-бір құрал деуге негіз бар. Мәселен, суреттегі роботтарды балаларының көңілін көтеру үшін үйіне алдыртатындар саны аз емес екен. Еңбекқор трансформерлер бірнеше рет өз концерттерін беріп те үлгеріпті. Алып боп көрінгенімен, салмағы онша ауыр емес, жүріп-тұруға, киюге ыңғайлы. Әрбір бөлшегі мұқият құрастырылған. Киіп, шешуге 10-15 минут жеткілікті.
Нұриддин Пайызов, «Қазына Продакшн» Медия Груп компаниясының әкімшісі:
-Біз Ресейдің «Страна радости» шоу компаниясының франшизасын сатып алғанбыз. Қазір Батыс Қазақстан бойынша бұл роботтарды көрсетуге барлық құқықты иелендік. Осы екеуі және қосалқы екі роботымыз бар. Қаламыздағы Н.Жантөрин атындағы драма театрында 4 рет концерт өткіздік. «Трансформерлер шоуы» тақырыбымен балаларға арналған кеш те бердік. Атырау қаласында да өтті, енді Ақтөбеге бару жоспары тұр. Мақсатымыз – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, олардың мерекелік шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру, - дейді ол.
Роботтар шараларға арнайы шақыртулармен барып тұрады. Үйіне де жеке тапсырыспен алдыртатындар бар. Әсіресе, Жаңаөзен қаласына шақыру жиі түседі екен. Қазір бірнеше айға алдын-ала графигі де құрылып қойған.
Байқау соңында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша АҚ «КазАзот» үздік деп танылды. Екінші сатыға ЖШС «Каскор машзавод» тұрақтаса, үшінші орынға ЖШС «Шыныпластикалық құбыр зауыты» ие болды.
«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында ЖШС ««Kazakh Osseter» ҒӨК» көш бастады. ЖШС «MAGA BREAD» екінші, ЖК «Жансая тәттілері» үшінші дәрежені иеленді.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» бойынша ЖШС «Zhamal-ai» LTD үздік атанса, ЖК «Дарья» екінші, «Вива де Люкс» жиһаз фабрикасы үшінші сатыға тұрақтады.
Жүлдегерлерді Маңғыстау облысының әкімі Тоғжанов Ералы Ұлықпанұлы марапаттап, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="28346,28345,28341,28340,28339,28338,28337,28336,28335,28334,28333,28332"]