Өрт қызметкерінің қиындыққа толы бір күні (ФОТО)
[ 2017 ] 19 маусым, 11:25 | Жаңалықтар
Сол жылы өртке оранған бала екеуіміздің өмірімізге қауіп төнді. Өртпен арпалысып жүріп, 3 жастағы балапанды қолыма көтерген күйі әрең есікті таптым. Түтіннен анық ештеңе көрінер емес, тұншығуға аз-ақ қалдым. Бәріне үйдегі әйелдер кінәлі еді, - деп бастады әңгімесін Нұрғиса ағай.
Әйелдердің кінәлі дейтіні өрт тұтанған бойда үйдегі 3 әйел сыртқа шығып болмаған. Керек-жарағым қалып барады, мына қағазды алуым керек деп дүниесін түгендеп уақыт өткізіп алған. Оқиға 32-шағын аудандағы 5-қабатта орналасқан пәтерде болады. Өрт сөндіруші Нұрғиса пәтерде 4 адам бірдей қалып қойғанын көрген соң, 3 орта жастан асқан азаматшаға дереу шығуын талап етіп, баланы өзі көтеріп алып шығатынын айтады. «Өз жанын ойламайтын әйелдер мені тыңдамаған соң, оларға дауыс көтердім, өмірлерің керек пе деп айқайладым», - деп еске алады Нұрғиса. Оларды сүйреп пәтерден шығарған Нұрғиса, баланы алып шығарда өрт пәтерді алып кеткен. Осылайша өз басын өлімге бас тіккен Нұрғиса бар жігерімен баланы көтеріп, ұзақ уақыттан соң далаға шығады. Бала да, өзі де дін аман. Осы жетістігінен соң оған «Өрт сөндіру кезіндегі ерлігі үшін» деген атақ беріледі.
23-шағын ауданда орналасқан Өрт сөндіру қызметі мекемесіне бір топ журналист, блогерлер жиналдық. Ондағы мақсат – бір күн өрт сөндіруші болып қызмет ету.
Ең бірінші – өрт сөндірушінің арнайы киімін кидік. Төтенше жағдай кезінде өрт сөндіруші жүгіріп, түрлі дене қимыл-қозғалыстар жасау керек. Ал арнайы формасы ауыр, әрі ыңғайсыздау көрінді маған. Тәртіп бойынша, форманы 19-23 секунд ішінде киіп көру тиіс. Киім адамды күйіп қалудан сақтайды. Сондай-ақ, шамамен 10 кг салмақта уланудан қорғайтын газ балонын тағып жүру де міндетті. Алғаш рет өртке қарсы киімді көрген біз үшін мұның бәрі көзге таңсық көрінді.
Сонымен арнайы форма, каска тағып, белбеуін байлап, қолғап киген бір топ журналист өрт сөндіру көлігіне отырып, қоңырау шалған жерге жеттік. Көліктен түсіп, су шлангаларын апарып, бірден от алаулап жатқан аймаққа қарай су шашуға кірісіп кеттік. Шланга да, су шашатын құрылғы да біз ойлағандай жеңіл емес екен.
Ендігі кезек, 4 қабатты ғимаратқа жедел көтеріліп, арқанмен биіктіктен түсу керек болды. Алғашқыдағыдай емес, үрей мен қорқыныш бар. Десе де, адам құтқару жолында бар күш-жігерімізді жұмсамақпыз. Ендеше, кеттік! Бір адам биік ғимараттан түссе, жоғарыда кемі 3 адам оны арқанмен тартып тұрады. Құтқарушы арқанды қолға ұстағаннан кейін, өрт сөндірушілерге өз өміріңді сеніп тапсыра алатыныңа көзің жетеді. Биікке фобиясы бар адамдар өрт сөндіру қызметіне жоламай-ақ қойған дұрыс.
Сонымен, сапқа тұрған бір топ өрт сөндіруші жастар бұл сынақтан да мүдірмей өтті. Ендігі кезек өрт сөндірушілер арнайы норматив тапсыратын арнайы оқу бөлмесіне кіру болды. Онда жылаған әйел-бала, өрт кезінде шығатын айқай-шу, құлаған ғимараттар, тарсыл-гүрсіл дауыстар қосылып тұрады. Мұндай психологиялық қысымға кез келген қызметкер дайын болуы керек. Онымен қоса тор-тор тас қараңғы бөлмедегі қуыстардан жол тауып, 2-қабаттың төбесінен далаға шығу тиіс-ті. 2 топқа бөлінген блогерлер дәл осы сынақтан да сүрінбей өтті. Тор бөлмеге алғаш сыналған адам үшін бұл үлкен жетістік дейді бізді үйретуші қызметкерлер.
Өрт қызметі уақытында келмеді, олар жұмыс істемейді деп жатамыз. Бірақ шын мәнісінде, адам денсаулығын дәрігердей қорғап қана қоймай, өз өмірін тәуекелге тігетін азаматтарды батыр деуге лайық. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Десе де, «Ең қиын мамандық - адам боп қалу» деген Хулиан Мартидің сөзінің жаны бар. Сын сағатта адами құндылықтарды жоғары қойып, адам деген атқа лайық болудан асқан бақыт жоқ.
Айгүл ДӘДЕН
1404
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.