ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қошқар ата қоймасын қауіпті қалдықтардан тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқандығын айтты.
– Маңғыстау тұрғындарының назарына Қошқар ата қоймасын тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтқым келеді. Бұған дейін бұл аймақ республика қарамағына берілген болатын. Қоймада барлығы 105 млн. тонна қалдық бар, оның ішінде 51,8 млн. тонна – радиоактивті қалдықтар (11,2 млн кюри (радиоактивтілік өлшемі), – деді министр есеп беру кезінде.
Қ.Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта 2017-2020 жж. арналған қаржыландыру жұмыстарына бюджеттік сұраным жасақталған. Бүгінде республика қарамағында 14 тарихи нысан бар. Оларды қоқыстан тазарту шаралары жалғасын табатын болады.
– Олардың арасында үш нысан, атап айтқанда Қарағанды облысындағы сынап қалдықтарды тазартуға 8,8 млн теңге бөлінді, Қостанай облысы Тоғызақ ауылы маңындағы 4 га жер улы химикаттардан аластатылды. Ал Маңғыстау облысы 304 тонна мұнай қалдығынан тазартылды.
Қошқар ата өзені Ақтау қаласынан 5 шақырым, Каспий теңізінен 8 шақырым қашықтықта жатыр. Аумағы шамамен 50 шаршы шақырымды құрайды. Бұрынғы Қошқар ата шұңқыры радиоактивті және уытты қалдықтардың жиналуына ыңғайлы болған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА