©
«Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ер жетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер»
Н.Ә.Назарбаев
Сенбі күні, облыс әкімі Ералы Тоғжанов «қара алтын» өндірісінің өркен жайып, қарышты дамуына үлес қосқан, экономиканың тамырына қан жүгіртіп, кемел келешекке қанат қаққан мұнайшы жастармен кездесті. Отандық мұнай-газ саласын өрге өрлеткен өңірдің ірі-ірі кәсіпорындары жастар саясатына қолдау көрсету мақсатында жас мамандар кеңестерін құрды. Жастар қозғалысының басты құндылықтарын насихаттап, рухани өсу, салауатты өмір салтын ұстану, әлеуметтік жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті ту еткен бұл кеңестер жыл сайын жалынды да белсенді мұнайшы жастардың басын қосып, слет ұйымдастырады. Жақында 400-ге жуық жас маман жиналған жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов қатысты. Аймақ басшысы өлкенің басты өндірістік компанияларындағы жас мамандар кеңестерінің қызметімен етене танысып, жастардың көкейінде жүрген көрікті ойларын біліп, толғандырған өзекті сауалдарына жауап берді. - Жастар – қозғаушы күш. Жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі. Бүгінде мен білімді де білікті, еңбекқор да отансүйгіш, көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатар жастармен кездесіп отырмын. Киелі өлкенің жас перзенттері осал болмайтынына сенемін. Осындай еркін форматтағы кездесу – екі тарапқа да жақсы мүмкіндік, тәжірибе алмасу алаңы болмақ. Облысымызда жастар көп. 14-29 жас аралығындағы 162 мыңнан астам жастар бар. Қаладағы жастар саны 74 мыңға жуық болса, ауыл жастары 88 мыңнан асады. Жастар ауылда көп болса да, олардың жағдайы жақсы, мүмкіндіктері мол. Аудан-ауылдарды аралағанда көп өндірістік мекемелердің сонда орналасқанын көрдік, көп жастардың өндірістік мекемелерде жұмыспен қамтылып, қол қусырып отырмай, екі қолға күрек ұстағанын білдік. Демек, ауылда аймақтың экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жатқан өндірістік кәсіпорындар және жас мамандар баршылық. Біздің өлкеміздің ерекшелігі де сол шығар,-деді Е.Тоғжанов. Облыс әкіміне «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жас мамандар кеңесінің қызметі, жеткен жарқын жетістіктері мен істеген ілкімді істері туралы кеңестің төрағасы Саят Фидахметұлы таныстырды. Оның сөзінше, жастар кеңесі 5 бағыт бойынша жұмыс істейді: кәсіби, мәдени дамыту, инновациялық пен өнертапқыштық бастамалар, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау және әлеуметтік көмек көрсету. Республика бойынша жастардың слеті ұйымдастырылып, қайырымдылық шаралар, акциялар, спорт жарыстары, біліктілігін арттырар кәсіби шеберлік байқаулары ұдайы өткізіледі. Жастардың бастамалары басшылық тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылады. Ал өндіріс қызметіне жастардың жаңалықтар енгізу бастамалары жайында «ӨзенМұнайГаз» АҚ жас мамандар кеңесінің төрағасы Бауыржан Баимбетов айтып берді. «Жастардың көкейі өндірістің қоршаған ортаға залалын азайтатын, шығынды төмендететін, үнемдейтін, тиімді етететін озық ойлар, тың идеяларға тұнып тұруы керек. Өздеріне өндіріс қызметіне қандай үлес қоссам, қандай көмек көрсетсем болады деген сұрақтар қойған жөн. Инновациялық жобаларды енгізу, жүзеге асыру үшін компания тарапынан ынталандыру болу керек. Мәселен, семинар, оқыту, арнайы жүлде және тағы басқалар. Бүгінде компаниялар ішінде өнертапқыш мамандарға арналған жобалар байқауы ұйымдастырылып, нәтижесінде өндірісте тиімді, үздік жобалар іріктеліп, өндіріске енгізіледі. Мұндай байқаулар жастар әлеуетін көтеріп, компанияға пайда әкеледі»,-деді ол. Жиында өндірістік компаниялардың білікті мамандары, белсенді жастары мәдениет саласындағы ұйымдастырар концерттері, рухани кештері, спорттағы елеулі жетістіктері, мүжәлсіз отбасыларға көрсеткен қайырымдылық шаралары туралы баяндап, облыс әкімінің жоғары бағасына ие болды. Слет еркін форматтағы дидарласудан соң пікірталас алаңына айналды. Жас мамандардың аймақ басшысына қояр сауалдары, айтар ұсыныстары аз болған жоқ. Мәселен, «ӨзенМұнайГаз» АҚ жас маманы Бекнұр Бисенов Жаңаөзен қаласындағы спорт нысандардың, мәдени кешендердің аздығын тілге тиек етсе, «Қаражанбасмұнай» АҚ жас мамандар кеңесі төрағасының орынбасары Данияр Оралов мұнайшыларға, жастарға арналған аллеясын салуды ұсынды. Білікті жастарды ауылға тарту, сандық технология дамыту, өз ісін ашқысы келетін жастарға бизнестегі жәрдем, қалада парк салу, дәрігерлер тапшылығы, жол мәселесі, қоқыс жәшіктерін салу, қоғамдық көліктердің жол бағытын ұзарту секілді түйткілді мәселелер қозғалды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов барлық сауалдарға толық жауап беріп, шешілмеген мәселелерді бақылауға алып, тиісті органдарға тапсыратынын жеткізді. Және қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, алаңдап жатқаны үшін жастарға ризашылығын білдірді. - Қазіргі жастар мүлдем бөлек. Олардың бойында жігер, ойларыңда терең ой, жүректерінде жалын бар. Ел болашағы – сіздер! Елді өсіретін де, өшіретін де – сіздер! Сондықтан білімге ұмтылып, еңбекқор, адал, патриот, талапты болыңдар! Елдің тірегі – бірлік пен татулық екенін ұмытпағайсыңдар. Бастысы – бірлік болса, қандай мәселе болмасын, шешімін табады. Ал, бірлік жоғалса, ел елдігін, беріктігін жоғалтады. Жастар бірліктің маңызын түсініп, оны алтындай қадірлесе, сақтаса деймін,-деп жиынды қорытындылады облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы. Слеттен соң жас мамандардың күшімен Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде ретро стильде қайырымдылық концерт, теңіз жағалауында қалалық кеш өтті.Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ