©
Ақтау қалалық әкімдігі бастамасымен қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысы Б.Ізғалиев және «Қала жолдары» ЖШС директоры С.Бермұхамедовтың қатысуымен рейд ұйымдастырылды. Рейд барысында қала аумағын көгалдандыру, аббатандыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар реті таныстырылды.
«Қашаған ескерткішінен бастап жаяужол бойы жасыл гүлзармен көмкерілді. «Түрік тәттілері» тұсынан «Holiday Inn» қонақүйіне дейін жаяужол бойы толықтай жөндеуден өтеді. Яғни қалаішілік №3 жол бойы реттеліп, көгалдандыру, жарықтандыру, орындықтар орналастыру, жөндеу жұмыстары қатар жүреді. Ботаникалық бақты айнала салынған жол бойындағы суару құбырлары пластикке алмастырылды. Бұл жұмыстар жалғасын табады», - дейді Сергей Орынбасарұлы.
Ақтау қаласында 6 сквер және 1 саябақ орналасқан. Биыл қала скверлері мен ең басты деген 2 жол бойына жерасты тамшылы суару технологиясын енгізу көзделген. Су қорын үнемдеу мен орынды жұмсауға арналған жоба құны жоғары. Ақтау қалалық тұрғын үй-шаруашылығы бөлімінің басшысы Берік Ізғалиевтің мәліметіне сүйенсек, аталған жоба 716 млн. теңге қаржыға бағаланған.
«Тамшылы суарудың ең тиімді тұсы – су қорын үнемдеу десек қателеспейміз. Ал сплинкерлер адам орнына автоматты түрде көгалды суарып тұрады. Барлығы қаржыландыруға тіреліп тұр. Биыл қаланың санитарлық тазалығына 957 млн. теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырсақ әрине жоғары. Ал көгалдандыру жұмыстарына 596 млн. теңге, қаланы көркейтуге 70 млн. теңге көлемінде қаржы бағытталды. Жыл басынан бері «Қала жолдары» ЖШС-мен келісімге отырып, аталған жұмыстарды атқарып келеміз. Биыл нақты 3 шағынаудандағы жаяужол бойын жөндеуден өткіземіз. Олар 6,13, 14-шағынауданішілік жолдар. Жоспарға сәйкес 1А шағынауданы жолдарын жөндеу көзделген. Аталған жұмыстарға бюджет қазынасынан 80 миллион теңге бөлінді», - дейді Б.Ізғалиев.
Рейд барысында үлкен айналма жолдағы гүлзарлар назардан тыс қалмады. Биыл түрлі-түсті, қызылды-жасылды гүлдер егіліп, жер бетіне өзгеше бейне өрнектелген. Жергілікті гүл сорттары таңдап алынып, тамшылы суару әдісі қолданылған екен.
«Көк түсті гүлдер – петуния, сары, сарғылт түстесі - тагетес гүлдері. Биыл өзгеше ою таңдалды. Гүлзарлар тамшылау әдісімен суарылады. Бұл жерде жүйелі жұмыстар жүреді. Әркез бағбандардың бақылауында болады. Көгал алаңның ұдайы шөбі қиылып, реттеледі. Бағбандар арамшөптерді дер кезінде жұлып, күтім жасайды», - деп атап өтті қаланы көгалдандыру учаскесінің бастығы Ақтөре Жанаева.
Ақтау шаһарының солтүстік-батыс бағытта кеңеюі, жаңа шағынаудандар мен жол бағыттарының салуынуы қаланы көгалдандыру, абаттандыру, тазалау жұмыстарын еселеу қажеттігін тудырды. Әрине, бұл аумақ қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы қызметінің назарынан тыс қалмаған. Автокөлік жолдарының бойына шырша ағаштары, юкка бұталары отырғызылып, көгорай шалғын көмкерілген.
«Танымал кәсіпкер қаланы көгалдандыру жұмыстарына қолдау танытып, мың түп шырша ағашын сыйға тартты. Бұл ағаштар Ресей жақтан әкелінген. Сонымен қоса біздің қызметкерлер қала жолдарының бойына 160 мыңға жуық түрлі-түсті гүл сорттарын екті. Көше көркін арттыру мақсатында 70 гүлсауыттар орнатылды. Барлығы 16 мың 500 ағаш отырғызылып, 30 мың түп қына және раушан гүл бұталары егілді. 1 және 7 шағынаудандар аралығында отырғызылған көшеттер мен өсімдіктерді зиянкестерден қорғау мақсатында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді», - деп атап өтті С.Бермұхамедов.
Тағы бір айта кетер жайт, «Қала жолдары» ЖШС қызметкерлері көше бойына 700-дей пластикалық қоқыс жәшігін орнатты. Бұл тұрғындардың тазалық жөніндегі мәдениетін қалыптастыруға, туған қала тазалығын сақтау шараларына аса мән беруге шақырады.
«Ақтау қаласы бойынша «Ақ бота» саябағы аумағында әрі теңіз жағалауында 3 қоғамдық және 9 биотуалеттер орналастырылды. Тегін жұмыс істейді. Қала тазалығы және тұрғындар үшін жан-жақты жағдай жасалуда», - деп мәлімдеді Б.Ізғалиев.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ