©
Ақтауда ең алғаш рет «Мисс және Мистер Ақтау» балалар байқауы өтті. Байқауға қаладан іріктелген 12 бүлдіршін қатысты. Кастинге 80-ге жуық бала келгенімен, олардың 20-сы жартылай финалға жолдама алды. Ал 12 бала финалда өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Байқау жеңімпазы Болгарияда өтетін «LITTLE PRINCESS & PRINCE WORLD» халықаралық байқауында еліміздің намысын қорғайтын болады. Сұлулық пен әдемілікті сонымен қатар, талантты талап ететін фестиваль алты жылдан бері өткізіліп келеді. Дефиле, фотоға түсу қабілеті, актерлық шеберлік, өнер көрсету секілді әр күні әртүрлі сайыс кезеңдері өтеді. Үміткерлер 23-30 маусым аралығында Болгарияның Софья қаласында дарындарын сынға салатын болады. «Біз республикалық деңгейге шығу үшін жаздың соңына дейін бұл байқаудың облыстық кезеңін өткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, осы байқаудың жеңімпазы Болгариядағы сайысқа аттанады. Содан соң облыстық кезеңді өткіземіз. Себебі бізде уақыт жағы тығыз болып тұр. Балаларға арналған жобаны алғаш қолға алуымыз. Бізге олармен жұмыс істеген ұнады. Бүгін балалардың ешқайсысы құр қол қайтпайды. Біздің демеушілеріміз барлығына сыйлық әзірледі, - дейді байқау ұйымдастырушысы, «D.A. School» балалар шығармашылығы студиясының директоры Диляра Турина. Алматы қаласынан хореографтар, вокалдан, актерлық шеберліктен дәріс беретін мұғалімдер келген. Балақайлар түрлі сыннан сүрінбей өтіп, көрерменнің көңілінен шыға білді. Сайыс қорытындысында Ақаудың кішкентай ханшайымы атағына Дәулеталина Аянат ие болды. Ал кішкентай мистер титулы Тасмағамбетов Беласарға бұйырды. Сонымен қатар, Мальцева Василиса, Жекен Дария, Ембергенова Перизат вице-мисс, Куанканов Аннур – вице-мистер атанды. Байқау алдағы уақытта жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА