©
Ақтау қаласында «Жергілікті өзін-өзі басқарудың принциптері және механизмдері» тақырыбы бойынша тренинг өткізілді. Тренингке қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатынасты. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық мониторингті жүзеге асыру қағидалары мен тетіктерін түсіндіру бойынша ақпараттық науқандар жүргізу» жобасы бойынша Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған шараны Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы ("МОАА" ЗТБ президенті Ж. Ахметова) жүзеге асыруда. Талқылаулар, сұрақ-жауап түрінде жүргізілген жұмыстар барысында қатысушылар тренер Шолпан Айтеновамен бірлікте жергілікті өзін-өзі басқару концепциясын жүзеге асыру, оның құқықтық, қаржылық және экономикалық негіздеріне қатысты туындайтын түрлі мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ тренингте жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздеріне бөлінген бюджет қаражаттарын пайдалануға мониторинг жүргізу тәртібі, бұл процеске жергілікті қауымдастық мүшелерін қатыстыру жайы, оның түрлері мен әдістері талқыланды. - Қоғамдық кеңестер туралы заң қабылданып, жұмыстар басталып кетті. Дегенмен, әзірге оның сапалық деңгейі төмендеу. Халықпен тығыз жұмыс жасайтын қоғамдық кеңес мүшелерінің қабілеті мен белсенділігін арттыру – басты мақсаттардың бірі. Себебі, ол халықты толғандыратын мәселелерді билікке жеткізетін көпірдің қызметін атқаруы тиіс. Бүгінде еліміз бойынша орталық, облыстық билік және аудан, қалаларда жалпы 230 қоғамдық кеңес жұмыс жасауда. Олардың мемлекеттік және қоғамдық маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдау процесіне қатысу белсенділігін көтеруге ықпал етудің жолдары қарастырылуда. Бүгінгі өткізілген тренинг те сол мақсатқа арналды, - дейді Зерттеу институтының директоры Ш.Айтенова. - Еліміз бойынша бұл бағытта белсенділігімен көрініп отырған өңірлер қатарында Алматы мен Астана қаласын, Қостанай облысын айтуға болады. Қоғамдық кеңестердің белсенді жұмыс жасауына билік тарапынан ешқандай кедергі жоқ. Мемлекеттік органдардың сапалы жұмыс жасауын қадағалау, қызмет сапасын көтеру, осы бағытта оң өзгерістер мен нәтижеге жету үшін қоғамдық бақылау, қоғамдық тыңдау, есеп алу, мониторинг жүргізу сияқты жолдармен жұмысты жандандыру қажет. Бұл айналып келгенде бүкіл қоғам талап етіп отырған биліктің ашықтығына, есептілігіне қол жеткізуді көздейді.М. КЕНЖЕМҰРАТ