©
Бүгін Жалау Мыңбаев және Тобанияз Әлниязұлы ескерткіштері жанында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу митингі өтті. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ардагерлер, қуғын-сүргінге ұшыраған ерлеріміздің ұрпақтары және қала тұрғындары жиылып, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті. Қазақ автономиясының орталық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған мемлекет қайраткері, репрессияға ұшырағандардың бірі, жерлесіміз – Жалау Мыңбаев ұлтты біріктіруді, мемлекет дәрежесіне көтеруді мақсат еткен. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай қуған-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Содан бері 20 мыңнан аса мұрағаттық қылмыстық іс зерттеліп, Заңға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Елімізге 1936-1957 жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, Қырым татарлары, гректер т.б. ұлт жер аударылды. Барлығы 1,5 млн адам Қазақстанға өз еркінен тыс қоныстандырылды. -Бұл қасіретті жылдар Маңғыстау аймағы үшін де ауыр тиді. Ресми деректер бойынша, өңірімізде 1929 жылдың басында 35 мың адам тұрған. 1,5 миллиондай мал басы бар еді. Ал 1939 жылдың соңында өлкемізде 26 мың адам, 25 мыңға жетер-жетпес мал басы қалды. Қаншама отбасылардың оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Сол кезеңдерде туған елінің еркіндігі жолында күрескен Жалау Мыңбаев, Тобанияз Әлниязұлы, Алшын Меңдалиев, Жөке Шабаев, Нұрсұлтан Оңғалбаев, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы, Зұлқаш Баймырзаев сияқты тұлғалы азаматтарымыз таталитарлық режимнің құрбаны болды. Бұл ескерткіш атамызға салынғанымен сол кезеңдерде құрбан болған бүкіл бабаларымызға арналған деп қабылдауымыз керек. Сол кезеңдерде өмірден өткен, еліміздің бірлігі үшін, қазақтың жері үшін жанын пида еткен тұлғаларымызға әр уақытта басымызды иіп, құрметімізді білдіруіміз керек, - деп атап өтті облыс басшысы Ералы Тоғжанов. Бұдан соң еске алушы топ Тобанияз Әлниязұлына арнап тұрғызылған ескерткішке бет алды. Ұлықтау рәсімі Адай уездік революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарған қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлы ескерткіштері жанында жалғасын тапты. -Саяси қуғын-сүргін миллиондаған жазықсыз жанның қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі парақтарының бірі болып қала бермек. Тоталитарлық жүйе елім деп еңсе көтерген ер-азаматтардан бастап, еңбектеген сәби мен еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында 146,5 мың күнәсіз жапа шегіп, жазаланған отандасымыз жайында 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Бүгінгі азалы жиындарда сол зұлмат заманда жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған жандарды еске алып, жас ұрпақ жадына салу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін қасиетті парыз, - деді жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нури Тумышев. -Бүгін тәуелсіз Қазақ елі ең бір азалы күннің бірін атап өтіп жатыр. Сонау Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Елбасымыз өзінің жарлығымен осы 31 мамырды саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгілеген болатын. Ол жылдары халқымыздың 1/3 ашаршылықтан қырылса, қалған бөлігі атып, айдау, заңсыз жапа шегудің құрбандарына айналған. Қазақта «Ашта жеген талқанның дәмін тоқта ұмытпа» дейді. Сол секілді дәмін ұмытпай, бүгінгі ұрпаққа айтып жеткізуіміз керек. Елімізде бейбіт аспанның болуына, бейбіт тірліктің орнауына ата-бабаларымыздың еткен еңбегі, қосқан үлесі орасан, - дейді Есберген Іңірбайұлы «Нұр Отан» партиясының жауапты қызметкері, партия ардагері, репрессия құрбанының ұрпағы. Бүгінгі шарада ескерткіштер жаны гүл шоқтарына оранып, әсерлі әуенмен қалықтады. Батыр бабаларымызды ұрпақтары үнсіздікте еске алып, нағыз құрметтің үлгісін көрсетті.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген автор