©
Сенбі күні Ақтау қаласындағы Мәңгілік алау ескерткіші жанында жерлесіміз, Кеңестер Одағының батыры Жұмағали Қалдығараев жерленген Белоруссия еліне автошерумен барып қайтқан делегация мүшелері тұрғындармен кездесіп, сапар әсерімен бөлісті. Алғашқы болып сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов облыс әкімі Ералы Тоқжановтың, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, өзге де қоғамдық ұйымдардың, ата ұрпақтарының қолдауымен 25 адам болып автобуспен жолға шыққан делегацияның 4,5 мың шақырымды артқа тастап, өшпес ерлік үлгісін көрсетіп, 22 жасында қыршын кеткен батыр атамыз жерленген орынға барып, тағзым етіп қайтқан сапар қуанышы, алған әсері, түйген ойлары жайында әңгімеледі. Он күнге созылған автошеру кезінде айта жүрерліктей, тәлім-өнегесі мол сәттер кездесіпті. - Белоруссиялықтар бізді шекарадан ерекше құрмет көрсетіп, қарсы алды. Автобуспен, мыңдаған шақырымды артқа тастап, жол қиындығын елемей жеткен біздің ісімізге таңданыстарын, ризашылықтарын білдіріп жатты. Таудың етегінде, Жұмағали Қалдығараев атамыздың суреті салынған ескерткіш бар екен. Гомель деген үлкен облыс орталығында болып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған облеискіге гүл шоқтрын қойдық. Озер деген аудандағы атамыздың соңғы соңғы соғысқан жерін көрдік. Аудан басшыларының қатысуымен осында үлкен шара өтті,-деді облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкері Есберген Іңірбаев Маңғыстаудан шыққан делегацияның Саратов, Курск, Брянск, Орел, басқа да бірнеше соғыс өрті шарпыған қалаларды басып өтіп, жолай бауырластар зиратына аялдап, тағзым етіп, Жұмағали Қалдығараевтың жерленген Музерь қаласында болғандықтарын ерекше әсермен жеткізді. - Қала басшылығы бізді құрметпен қарсы алып, митинг өткізді. Елден алып барған топырағымызды салып, жусанымызды қабіріне қойдық. Жұпар аңқыған жусанды иіскеп, белоруссиялықтар таңданып, «бұл шөп қайда өседі?» деп сұрап жатты. Минискідегі жеңіс салтанатына қатыстық. Қайтарда жолшыбай соғыс болған елді мекендерге аялдап, бауырластар зиратына тағзым еттік. Қазақтан шыққан тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаев оқыған орынды көріп, ерекше әсерге бөлендік. Жалпы алдағы уақытта сапар барысы жайлы телефильм көрсеткіміз келеді, -деді Есағаң. «Тазеке» қоғамдық-қайырымдылық қорының төрағасы Роман Балтаев «кейбіреулер фашизмді насихаттап, кей елдерде Ұлы Отан соғысы батырлары ескерткішін талқандап жатқан кезде біздің бұл сапарымыз ой –салатындай, өнеге-тәлім болатындай, партиотизмге, елдікке, ерлікке үндеудің үлгісіндей болды. Ауызбірлігіміз мықты болсын» деп тебірене сөйледі. Кездесуде делегация құрмындағы басқа да азаматтар сөйлеп, ерекше сәттерге көп назарын аударды. Шекарада қарсы алған белоруссиялық милиция көлігінің бортномері 362 болуын жақсы ырымға санағандарын жеткізді. Қайтар жолда маршрутты өзгертіп, Волгоградқа соғып, Мамай қорғанында, Павлов үйінде болып, батырлар рухына тағзым еткен жерлестеріміз Сталинград шайқасында қаза тапқан жерлестеріміз жайында зерттеу жүргізу қажеттігін де атап өтті. Жолай Бейнеуде аялдап, Жұмағали Қалдығараев атындағы мектепте кездесу өткізіп, сапар жайында елге есеп бергендерін де жеткізді.Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ