Аймақта алғаш рет облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас мамандар, студенттер және мектеп оқушылары арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Екі күнге жоспарланған турнирге Қазақстан Республикасының пікірсайыс технологиясын меңгерген 27 команда қатысып, бақтарын сынады. - Оқушылардан 16 команда, студенттерден 6 және жас мамандардан 5 команда қатысуда. Олар бірінші айналымда «Маңғыстау облысында жұмыссыздықты жою», «Жастар арасында суицидтік проблемаларды шешу» және «Қазақстанға төнген басты қауіп» тақырыптарында пікірлерін айтты. Жартылай финалда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі тақырыбында әңгіме өрбітті. Ойында оқушылар арасында Назарбаев зияткерлік мектебінің, С. Шапағатов атындағы мектеп-лицейінің және Ақшұқыр ауылының №1 мектеп-лицейі белсенділігімен көзге түсті. Бұл шараны өткізу арқылы біз жастардың пікірсайыс технологиясы бойынша тәжірибе алмасуына жағдай жасап, аймақта пікірсайыс қозғалысын жаңартпақшымыз,-дейді облыстық жастар ресурстық орталығы кеңес беру бөлімінің жетекшісі Меруерт Қонақбаева. Пікірсайыс бағдарламасында елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау, жұмыссыздықты жою, жастар арасындағы суицидтің алдын алу, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен кемшіліктері секілді өзекті мәселелер талқыға салынды. - Пікірсайыс турниріне алғаш рет қатысып отырмыз. Шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткім келеді. Пікірсайыс турнирінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау тақырыбында біз өзіміздің жобамыздың макетін ұсындық. Жобамыз-шыныдан салынған ғимараттар арқылы күннен энергия алу, электр жарығын үнемдеу және көлік жолдарын жоғары көтеріп салу арқылы қаланы көгалдандыру, абаттандыру бағытында болды. Бұл жобаны біз бұған дейін облыстық ғылыми жобалар байқауына ұсынған болатынбыз. Жобамыз облыстан өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Одан бөлек жастар арасында жұмыссыздықты жою тақырыбына біз ауылшаруашылық саласын дамыту және оған бөлінетін субсидияларды тиімді пайдалану бағытында әңгіме өрбіттік. Жастар қоғамға қажетті мамандықтарды таңдаса, мектеп кезінен сол бағытта ізденсе, жұмыссыздықты азайтуға септігі тиер еді. Мәселен, мен ұшақ құрастырушы маманы болғым келеді, Данияр-ұшқыш болуды армандайды. Екеуміз де қазірден бастап таңдаған мамандықтарымызға байланысты ізденіп, еңбектеніп, білімімізді жетілдіріп жүрміз,-дейді Түпқараған аудандық М. Әбдіхалықов мектеп-гимназиясының оқушылары Айберік Бүркітәлиев пен Данияр Амангелді. Тартысты өткен пікірсайыстың қорытындысында студенттер арасында бірінші орыннан Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері Еркебұлан мен Құндыз көрінсе, жас мамандар арасында бірінші орынға-Жаңаөзен қалалық жастар орталығының қызметкерлері Қасым Байтөриев пен Таушық мектебі ағылшын тілінің маманы Зульфия Маралбекова ие болды. Оқушылар арасында бірінші орын Назарбаев зияткерлік мектебіне бұйырды. Екінші орынды студенттер арасында Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері Бақытгүл мен Сара және жас мамандар арасында Ақшұқыр мектеп-лицейінің мұғалімдері Бейбіт Қабисатов пен Ромат Мұқашев еншіледі. Оқушылар арасында екінші орыннан жаңаөзендік қазақ-түрік лицейінің оқушылары көрінді. Үшінші орынға жас мамандар арасында С. Шапағатов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімдері Гүлмира Қалменова мен Ардақ Есетжанова және ақшұқырлық «Маршал маржандары» тұрақтады. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан кубок пен естелік сыйлықтар табысталды.
Венера МИРЛАН