Литваның Каунас қаласында дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогы мәресіне жетті. 13-14 мамыр аралығында өткен дүбірлі додада маңғыстаулық балуандар, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 55 келі салмақта Бауыржан Нарбаев пен 66 келі салмақта Бауыржан Сағынғалиұлы сәтті өнер көрсетіп, аймақ абыройын асқақтатты.
[caption id="attachment_25321" align="aligncenter" width="640"] Қос Бауыржанды қолдауға Маңғыстаудан жерлестері де келді[/caption]20 мемлекеттің «мен мықтылары» қатысқан жарыстан Бауыржан Нарбаев украиналық, белгиялық, германиялық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, ақтық сында қазақстандық қарсыласы Дамир Болатбековті айқын басымдылықпен жеңді. Жерлесіміз алтын медальға қол жеткізіп, Еуропа кубогінің иегері атанды.
-Төрт қарсыласым да осал болған жоқ. Намысты қолдан бермеуге тырыстым, барымды салып күрестім. Бапкерлерім Манарбек Бисекенов, Жомарт Қобыланов ағайларымның сенімін, ата-анамның үмітін ақтап, алтынды еншіледім. Ендігі ең үлкен мақсат-Олимпиада шыңын бағындырып, тәуелсіз қазақ елінің әнұранын асқақтатып, көк туын Олимпиада төрінде желбірету,-дейді Еуропа кубогінің иегері Бауыржан Нарбаев.
[caption id="attachment_25323" align="aligncenter" width="640"] Қазақстандық жеңіске жеткен балуандар[/caption]Боз кілем үстінде болған белдесуде маңғыстаулық Бауыржан Сағынғалиұлы грециялық, поляктік, германиялық, недерландық балуандарды тізе бүктіріп, шешуші кезеңге жолдама алды. Татами төрінде барын салған Бауыржан Сағынғалиұлы шешуші сәтті украиналық Олег Овшаренкоға есесін жіберді. Осылайша, Еуропа кубогінің күміс жүлдесіне ие болды. Бауыржан бұған дейін жастар арасында самбодан екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын. Жақында Алматы төрінде жастар арасында Б. Махмұтұлының жүлдесіне арналған турнирде күмісті еншілеген еді.
Жалпы жастар арасындағы дзюдодан Еуропа кубогында ел құрамасы командалық есепте үздік үштіктен көрінді. Қазақстандық жастар еліміздің қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальды салды.
Венера МИРЛАН