Қаладағы «Даңқ» аллеясынан 2 мамыр күні «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық жобасы аясында Кеңес Одағының батыры Жұмағали Қалдықараевтың жерленген жері Белорусь Республикасының Мозырь қаласына Маңғыстау облысынан арнайы делегация автошерумен аттанды. Шараға қала әкімінің орынбасары И. Сағынбаев, қалалық мәслихат хатшысы С. Мыңбай, ардагерлер, мектеп басшылары және оқушылар қатысты. Шара барысында Исахан Қайнарбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, аттанып бара жатқан делегацияға ақ жол тіледі.
Адамзат баласының тарихында қайғы мен қасіретін күні бүгінге дейін арқалатып келген, ұрпақ жадына жазылмас жара салған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 72 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесі біздер үшін айрықша қымбат. Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреп, әділеттілік жеңген Ұлы күн. Уақыт озған сайын оның даңқы жақындай береді. Өйткені Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – халық құндылығы, бейбітшілікті жақтаған әлем елдерінің ортақ қуанышы. Осы Жеңіс жолында миллиондаған адам құрбан болды, біз бұл жеңісті қимас боздақтарымыздың, әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен өтедік. Сол ұрпақтан бүгінге жеткендер қатары қазір өкінішке орай сиреп келеді. Кейінгі ұрпаққа бейбіт күнді тарту еткен аталар ерлігін естен шығармауға тиіспіз. Ар мен намыстан жаралған ардагерлер жолы – ең шуақты жол, қасиетті сапар.
Туған топырағынан шалғайда жүріп, майданға аттанған, Днепр өзенінен өтерде ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған қаһарман батыр Жұмағали Қалдықараевтың есімі Түрікменстандық 76 батырдың арасында аталады. Олардың тек 16-сы ғана түркмен, қалғандары өзге ұлт өкілдері екен. Жұмағали Қалдықараев Адайдың Келінбердісінен тарайтын Ақпан руынан. Меңдіқұлдан Қалдықара мен Тәжіғұл, Қалдықарадан Қуанғали мен Жұмағали туған. Жұмағали 1922 жылы туылған. Жұмағали да көшпелі Адай ауылында дүниеге келгені белгілі. ХХ ғасырдың 20-жылдары Кеңестер одағының оның кұрамына кіретін қазақ даласына да үлкен өзгерістер алып келді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де маңғыстаулықтар көшпелілік өмірді тастамады. Кеңес өкіметінің солақай саясаты, яғни күштеп ұжымдастыру, отырықшылыкка үйрету жұмыстарымен айналысты. Міне, ел ішінде осындай зорлық-зомбылық, күш-көрсетулер белең ала бастаған шақта маңғыстаудың Қараойындағы ата қоныстарынан Ақпан руының ауылдары да ауа көшкен. Бұл негізінен 1927-1930 жылдар кезі болатын. Бұл уақытта Маңғыстау тұрғындары Кеңес саясатының ықпалын анық сезе бастады, әрі сол жылдардағы жұт пен ашаршылык талай елдің тағдырларын тәлкекке түсірді. Ақпан ауылының Кетіктің түбіндегі ата коныстарынан Шағадам жаққа, одан Қаракалпақ жеріне қоныс аударуының осындай тарихи-әлеуметтік себебі бар.
Олардың тұрак тапқан жерін қазірге дейін Ақпан ауылы деп атайды. Жұмағали да осы ауылда алғаш мектеп есігін ашып, балалық бал дәуренін осында өткізген. 1939 жылы Қалдықара жанұясы тұрмыс түзеу мақсатымен көршілес Ташауыз облысының Калинин ауданына қоныс аударады. Жұмағали осында Колхозда тракторшы болып жұмыс істейді. Колхоздың Қызыл Армияға деп жинаған жылқыларын Чаржоу қаласына айдап апарып, пойызға жүктеп жіберуді колхоз басқармасы еті тірі елгезек жігіт Жұмағалиға тапсырады. Жұмағали осы тапсырманы орындап Чаржоу қаласында жүрген кезінде соғыс басталғаны жөнінде хабар естиді. Сол жерде жасақталып жатқан әскери құрама командирі жылқыларды вагондарға жүктеп, Орел қаласына дейін жеткізіп салуды Жұмағалидің өзіне жүктейді. Сөйтіп Жұмағали жылқыларымен бірге майдан шебінен бір шығады. Сол жерде әскерге алынып, бір-жарым ай соғыс өнеріне машықтанады. Сөйтіп, Жұмағали Қалдықараев танкке қарсы оқ ататын 7-гвардиялық дивизионда қызмет етіп, соғыстың алғашқы айларында-ақ жаумен бетпе-бет айқастарға қатысады.
Өзіне тапсырылған жауынгерлік расчетті шебер меңгеріп, әлденеше рет қарулас достарының, командирінің алғыстарына бөленеді. Кеңес Армиясы жаудың бетін қайтарып, майдан даласында үлкен бетбұрыс жасап жатқан кезде Жұмағали талай ауыр шайқастарды бастан өткізген сақа жауынгер еді. 1943 жылдың күзінде біздің әскерлер Днепр өзеніне маңдай тіреді. 26-27 кыркүйекте Жұмағалидің расчеті Днепр өзеніне алғашқылардың бірі болып арғы бетке өтті. Өзеннің оң жағасына өкше тигізген бойда-ақ жау окоптарына граната жаудырып, бүкіл полктің алға жылжуына, Днепрден өтуіне жағдай туғызды. Жұмағалидің бір өзі жаудың тынбай оқ жаудырып жатқан отты ошақтарының үнін өшірді, жау окоптарында қолма-қол айқасқа түсіп, басқыншылардың бірнешеуін жер жастандырды. Осындай ерліктері үшін Жұмағали Қалдықараевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды.
Жұмағали Қалдықараевтің ерлік әрекеттері жайында Кеңес Одағының Батыры, гвардия старшинасы А. Сазонов «В бой, кавалеристы!» атты майдандық газетке мақала жазып, былай деп әңгімелейді: «Танктермен айқасқа түскен бір ұрыста Жұмағали Қалдықараев менің расчетімде болатын. Ол соғыс қаруын шебер меңгерген атқыш еді. Қаптап келе жатқан жау танкілерінен тайсалмай, ұрыста 6 танкіні бір өзі жойып жіберді. Менің жауынгер жолдасым Жұмағали орысша оншалық біле бермейтін, бірақ жау танкілеріне әкесін танытатын ер жігіт». КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Жұмағали Қалдықараевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал қаңтардың 26-күні Батыр жерлесіміз Белоруссияның Мозырь қаласы үшін болған ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапты. Батырдың бейіті Мозырь қаласындағы бауырластар зиратында.
Маңғыстау облысынан аттанған делегацияның Жаңаөзен қаласындағы ұйымдастырушысы Қосаман Жайлы делагация сапары жөнінде қысқаша айтқан еді.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
- Жұмағали атамыздың туылған жері жайында әртүрлі деректер жазылып жүр. Өзімнің Жайлы атамның айтуынша, Ж. Қалдықараев Түпқараған ауданындағы Қаңға баба мекенінде дүниеге келген. Отан үшін өз өмірін жастай қиған Жұмағали Қалдықараев атамыз Орел, Курск, Белгорд, Харьков үшін шайқастарды артқа тастап, ерлік істер тындырған. Днепрден өтердегі ерлігі үшін оған Кеңестер Одағының Батыры атағы беріледі. Бүгінгі аттанып бара жатқан делегация Шетпе-Бейнеу-Құлсары-Атырау-Орал-Волгоград-Воронеж-Курск-Орел-Брянск-Гомель-Мозырь - Минск қаласына жету үшін осындай бағыттағы жолдармен жүріп өтеміз. Делегацияның құрамында 20-ға жуық адам бар. Сонымен қатар, Алматы қаласынан «Алматы» телеарнасының журналисі Ажар Сейтенова қарындасымыз қосылады. Ол осы сапарымыз туралы деректі фильм түсірмекші. Наурыз айының басында Ақтау қаласында тұратын Ақпан ауылының үлкен ақсақалы Қонысбай Отаров ағамыздың шаңырағында бас қосып, Белоруссияға сапарымыз жөнінде ақылдасып, жоспар құрдық. Делегацияның құрамында журналистика саласының ардагері Есберген Іңірбайұлы, шежіреші ақын Қаржаубай Рейімбайұлы бар.
Сондай-ақ, сапарымызды ұйымдастырып, жобаның іске асуына атсалысқан Айдар Отаров, Құрал Әбуұлы, Бақдаулет Байдуллаев, Бейнеу ауданынында тұратын Тыныштық аға, Әмет аға, Табынбай Сапаров, Қазақбай Қарабаллаев, Саяхат Сапаров, Есет Нұрадинұлы, Мақсат Сапаров, Алпысбай Ермекбайұлы, Байбол Сұлтановқа және де барша азаматтарға алғыс айтамын. Жұмағали атамыз Мозырь қаласында Бауырластар зиратында жерленген қабыр басына туған елдің топырағын апарып, ондағы 9 мамыр Жеңіс күніне арналған мерекелік шараға қатысамыз. Бүгінгі таңда батырдың атындағы Бейнеу ауданында мектеп, Жаңаөзен қаласында «Арай» шағынауданында көшесі бар. Келешекте көшеге тал отырғызып, мәдени орын немесе мүсін орнатамыз деген жоспарларымыз да жоқ емес. Аспанымыз әрдайым ашық болып, бейбіт өміріміз баянды болсын. Еліміздің іргесі берік, қорғанысы қуатты болсын! Жеңіс күні мерекесі құтты болсын!