©
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Маңғыстау облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Талғат Уәлиев пен басқарманың бөлім басшысы Ершат Айбековтың қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті. Брифинг қатысушылары алдымен соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтамаға қатысты енгізілетін өзгерістерді сөз етті. Олардың сөзінше, анықтама 18 сәуірден бастап өзгеріске ұшырап, жаңа үлгіде берілуде. - 2014 жылдың 17 маусымынан бастап жеке тұлғалардың сұраулары бойынша берілетін анықтамаларда қылмыс жасағандар туралы мәліметтер соттылықтың өтелу, алыну мерзімдеріне, жауапқа тарту, соттау және жазасын өтеу күндеріне қарамастан көрсетілетін. Яғни анықтамада сұрау салған тұлғаның жасаған қылмысы туралы мәліметтер, олардың есептен алынғанына, соттылықтың жойылғанына қарамастан берілетін. Заң бойынша бұрын қылмыс жасаған адамдарға кейбір қызмет түрлерімен айналысуға шектеу қойылған. Ал енді жақында енгізілген өзгерістерге сәйкес ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарымен соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама жаңа форматта, яғни соттылықтың өтелуі немесе алынып тасталынуы ескеріле отырып берілетін болды. Қоғамға белсене бейімделіп, еңбекке араласуы үшін кедергі болатын анықтама жаңа форматқа көшті. Қылмыс өтелсе, енді анықтамада көрсетілмейтін болады. Алайда жұмыс беруші анықтамасынан бөлек, органдарға келіп, толық тексеруге құқығы бар,-деді облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ершат Айбекұлы. Ал басқарманың басшысы Талғат Уәлиев кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау органдары өткізетін тексерістердің заңды не заңсыздығын қадағалауы жайында тарқатты: - Қазақстанда бақылау мен қадағалау қызметтерін жүзеге асыратын 60 мемлекеттік орган бар. Бақылау мен қадағалау қызметтердің саны – 28 мың. «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы осы қызметтердің санын азайту бойынша жұмыстанып жатыр. Жыл сайын кәсіпкерлік саласы туралы сөз қозғағанда бұл өзекті мәселе Елбасыға жеткізіледі. Алдағы уақытта мәселе оң шешімін тауып, қызметтер барынша азаймақ. Бүгінде кәсіпкерлікке заңсыз тексеріспен келіп, негізсіз килігу деректерін төмендетуге септесетін «Qamqor» (Қамқор) мобилдік қосымшасы бар. Бұл қосымша кәсіпкерлерге көмек ретінде іске қосылды, оны ұялы телефонына жүктеген кәсіпкерге тексеріс келе қалғанда «Сізге тексеріс келе жатыр» деген ескерту-хабарлама келеді. Сондай-ақ қосымша тексерісті кім ұйымдастырғаны, құқықтық негіздемесі, заңдылығы туралы толық көрсетеді. Кәсіпкер заңсыз тексеріс кезінде және басталмас бұрын бұзушылық туралы онлайн түрінде шағым жасай алады. Бұл қосымша оң нәтижелерге жетті: сәуір айында «Қамқор» арқасында республикада 2 қылмыстық іс қозғалды. Бірі Алматыда, бірі Маңғыстауда: біздің облыста «Воган-Инжиниринг» ЖШС басшысының шағымы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының заңсыз тексерісіне жол берілмеді,-деп ақтарыла сөйледі Т.Уәлиев. Басқарма басшылығы «Қамқор» мобильдік қосымшасын кәсіпкерлерге насихаттауды көздеп отыр. Себебі, бұл қосымша арқасында кәсіпкерлер заңсыз тексерістен қорғанып, құқықбұзушылықтардың жолын кеседі.Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор