©
Кеше «Мәңгілік алау» монументі алдында сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір үшін күрескен Кеңес Одағының Батыры – Жұмағали Қалдығараевқа құрмет көрсетуге және Ұлы Отан соғысының 72 жылдығына арналған Ақтау-Минск-Ақтау халықаралық автошеруі жолға шықты. Мереке қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тұмышев пен Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов бастап, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, «Нұр Отан» партиясы қалалық, аудандық филиалдарының жауапты қызметкерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, жастар, әскери комисариат қызметкерлері және батыр Жұмағали Қалдығараевтың туыс-ағайындары Ұлы Отан соғысында қаза болған сарбаздардың рухына гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Лазарұлы жиналған жұртты мейраммен құттықтап, Беларусь еліне аттанғалы тұрған автошеру қатысушыларына ақ жол тіледі: - Ұлы Жеңіс мерекесіне орай «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлерді ардақтау, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, маңғыстаулық ержүрек ұландар рухын ұлықтауды мақсат етіп, халықаралық автошеруді ұйымдастырдық. Соғыс кезінде өшпес ерлік көрсетіп, ең жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағын алған жерлесіміз Жұмағали Қалдығараев Беларусь елін жаудан азат ету айқастарында ерлікпен қаза тапқан. Бүгінде жырақта жерленген жауынгердің қабіріне автошеру қатысушылары туған жері – киелі Маңғыстаудың топырағын себуді көздеп отыр. Сосын қабірден топырақ алып келіп, Отпантаудағы «Ұлыларды ұлықтау» алаңына және Ақтаудағы Батыр ескерткішіне көмбек. Сіздерге сәт сапар, ақ жол тілеймін! Аман сау болыңдар,-деп игі лебізін білдірді ол. Сондай-ақ қатысушыларды қала әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы, ақын Сабыр Адай, облыстық қорғаныс істері департаментінің, әскери ұйымдардың өкілдері жолға шығарып салып, ақ тілектерін арнады. Кеңес Одағының батыры, Форт-Шевченко қаласының тумасы Жұмағали Қалдығараевтың жерленген жері – Беларусь елі, Мозырь қаласы. Жалынды жауынгердің туыс-ағайындары батыр атасының жерленген жерге зиярат етіп, туған жерінің бір уыс топыраған салуды жоспарлап отыр. 2 мамырда Жаңаөзен қаласынан басталған автошерудің құрамында 22 адам: сарбаздың туған туыстары, партия өкілдері, ардагерлер, ақын, журналист, фотограф, операторлар бар. Олар Форт-Шевченко, Отпантау, Шетпе, Бейнеу, Атырау, Оралдан өтіп, Ресейге, одан әрі Беларусь еліне қарай сапар шегеді. - Отан үшін отқа оранып, жанын құрбан еткен, ерліктері жүректен мәңгілік өшпес қаһармандарымызды еске алып, құрмет көрсетуі – мақтанарлық игілікті іс. Облыс басшыларына, партия өкілдеріне, қаумалаған халқыма үлкен алғысымды білдіремін. Алғашында батыр атамыз туралы кітап шығарсақ, енді аймақ басшылары арқасында осындай ауқымды шараны қолға алдық. Мен Жұмағали Қалдығараевтың жалғыз інісі Қуанғали Қалдығараевтың қызымын. Әкем 1967 жылы ағасының қабір басына барған. Ол кезде мен кішкентай баламын. Мені туған әжем құшағына алып, еміреніп, 9 жыл емізген. Батырдың анасынан алған тәлімім, тәрбием – алтын мектеп іспеттес. Автошеру арқылы атамыздың жатқан жеріне барып, 9 мамыр күні – Беларусь елінің Минск қаласында өтетін Жеңіс мейрамына қатысуды ойлап отырмыз,-деді Мақпал Қалдығараева.Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН