6 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданының активімен кездесті. Алдымен аудан әкімі Басшы Әзірханов ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады.
Аудандағы 2962 кәсіпкерлік нысанында 11 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бұл – еңбекке жарамды халықтың 42,4%-ын құрайды. Үстіміздегі жылдың 1 тоқсанындағы кәсіпкерлік нысандары төлеген салық аудан бюджетінің меншікті кірістерінің 35,4%-ын құрады. Аймақ басшысы аудандағы шағын және орта бизнестің даму көрсеткішіне оң бағасын беріп, алдағы уақытта жылыжайға көңіл бөлуді тапсырды.
- Бейнеу ауданы – Өзбекстан елімен шекаралас орналасқан жалғыз аудан. Ол өз кезегінде екі ел арасында бажсыз сауда жұмыстарын ұйымдастыруға кең мүмкіндік береді. Облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржановқа және «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына Маңғыстау облысы мен Өзбекстанның кәсіпкерлері арасында сауда үйін ашуға байланысты жобаны жасақтауды тапсырамын. Орталығы – Бейнеу ауданындағы Тәжен ауылы болады. Тағы да жұмыс орындары ашылып, өзін өзі жұмыспен қамтитын тұрғындардың саны артатын болады, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Өткен жылы Бейнеуде 45 мың текше метрлік су резервуары бар су тазарту қондырғысы салынып, ауылдың 82%-ына су жүйесі жүргізілген. Бірінші жартыжылдықта 9442 үйге таза ауыз су беріледі. Ал, қалған 2305 үйге, оның 55-сі көп қабатты үйлер (1379 пәтер), су құбырын тартуға 1 млрд. 25 млн. теңге қаржы керек. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов, осы мәселелерді шешіп, ауданның барлық тұрғынын сапалы ауыз суымен қамтамасыз етуді тапсырды.
- Аудандағы тұрғын және коммерциялық нысандарды сумен қамтамасыз ететін су құбырының құрылысы бойынша жоба жасақтаңыздар. Су болса егістік те дамиды, ал ол жаңа жұмыс орындарының ашылуы, - деді
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы кадрлардың жетіспеушілігін талқылады. Қазіргі таңда ауданға 20-ға жуық медициналық қызметкер, соның ішінде, акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестезиолог-реаниматолог, балалар кардиологы қажет.
- Халықтың денсаулығын жақсарту үшін көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы өте қажет. Осыған орай, 2017 жылдың тамыз айына дейін еліміздегі медициналқ ЖОО-нан жас мамандарды тартып, аудандық аурухананы қажетті мамандармен толтыруды тапсырамын, - деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен бірге, аймақ басшысы «Серпін-2050» - «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарды кадр жетіспеушілігі байқалатын еліміздің басқа өңірлеріне оқытылуға және жұмыс жасауға жіберуді тапсырды.
Кездесуді қорытындылай келе, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Басшы Әзірхановқа ауданды одан әрі дамыту және көркейтуге қатысты бас жоспарды қайта жасақтауды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ