©
Қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаевтың "Қазақстанның ашық университеті" тегін онлайн-видеокурстарының тұсаукесерінде айтқан ойларын назарларыңызға ұсынамыз.
Өкінішке орай, біз соңғы кездерде көп реформа жасадық. Себебі, ана елде осындай екен деген далақбайлық әдіске көшіп кеттік. Олай болмайды.
Қазақта неге ақын көп? Неге айтыскерлер көп? Өйткені, қазақ эмоциямен, образбен ұғады. Математиканы да образбен түсіндіріңіз. Сонда есте қалады.
***
Қазақтың тойы бес сағат болады. Оны қысқарту керек. Көп дегенде жарты сағат болсын, мүмкін қырық минут, жарайды, елу минут болсын. Одан аспасын. Сол жетеді.***
Менің арманым бар: математиканың өзін кем дегенде 20 салаға бөлу керек. Олар: алгебра, геометрия, сандар теориясы, статистика деген сияқты кете береді.
***
Ғылым – өнер емес. Егер Димаш сахнаға шығып, әнін айтып, шыңғырып берсе, бәрі жақсы көріп қалады. Бұл түсінікті. Немесе біреу екіншісінің мұрнын бұзса да, не болғанын ұғып тұрасыз. Ал, ғылымда олай емес. Оны игеру үшін уақыт керек.
***
Біздің балаларымыз грамота алғанды жақсы көреді. Оларға сатып та алып беруге болатын еді. Бірақ, еңбек сіңіріп, есеп шешіп алғаны – тіпті жақсы.
***
Менен бәрі менталды арифметика туралы сұрай береді. Ол дегенің таза ақымақтық. Тіпті әңгіме қылуға да тұрмайды. Алайда, бәрі неге соған ғана назар аударады? Бұл дұрыс емес.
***
Британияда “Академик” деген атақты қандай адамдарға беретінін білесіздер ме? Ғылымдағы жетістіктерімен бірге, ғылымның танымалдылығын арттыруға қосып жүрген үлесі үшін береді. Ал, бізде ол туралы ешкім ойламайды, тіпті министрлікте де айтпайды.
***
Қазақ тілінде жазылған математика кітаптарының 90 пайызы математикалық анализдеу мен жоғарғы математикаға қатысты жазылған. Неге олай? Себебі, оларды жазған оңайырақ. Көшіріп аласың да, жаңа кітап жаза бересің.
***
Әдетте қазақтар бәрінің бірден бола салғанын қалайды. Ғылымда олай істеуге болмайды. Егер батыстық стильді алатын болсақ, олар нақтылықты жақсы көреді. Ал, нақтылық дегеніміз – жоғарғы мектеп. Демек, бізге бәрінен бұрын жоғарғы мектептерге арналған кітаптарды жазу керек.***
Бізде мәдениетті адам деп кімді айтады? “Соғыс және бейбітшілік” романын оқыған адамды айтады. Ал, менің ойымша, мәдениетті адам дегеніміз – матрицаны түсінетін адам.
Дереккөз: Szh.kz