©
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамына орай «Мисс Маңғыстау» байқауының қатысушы қыздары мүмкіндігі шектеулі балаларға көңілді әрі қызықты шара ұйымдастырды. Өңірдің ең сұлу арулары бүлдіршіндерге анасын мерекемен құттықтап, өз қолымен сыйлық жасауға көмектесті.
«PR» мейрамханасында өткен «Анаға сыйлық» қайырымдылық акциясына 15 бала қатысты. Сұлулық пен сымбат, ізгілік пен даналық сынға түскен әсемдік байқауының 10 қатысушысы мен өткен жылғы жеңімпаз қыздары балақайларға ашықхат, себет, гүл, қолөнер бұйымдарын қолдан жасап, әзірлеуді үйретті.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл шара арқасында «Мисс Маңғыстау» байқауының қатысушылары бойына мейірімділік, ибалық сынды асқақ қасиеттерді жинап, қайырымдылықпен айналысуға қызығушылығы пайда болады. Сұлулықтың символы – тәжді таққан арулар шуақты шара арқылы үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсетуді үйреніп, жүректеріне имандылық дәнін себеді.
- Сән мен сымбат қатар өрілген сұлулық әлеміне енген бойда қайырымдылықпен айналысып, мүжәлсіз жандарға қол ұшымды беріп, жәрдемдесе бастадым. Бұл шара байқау қатысушыларына да, балаларға да маңызды. Өйткені, өмірдегі ең асыл, ең қымбат жан – анамызға сыйлық жасап, оның көңілінен шығу, қуанту – бәріміздің арманы. Біз осы арманды арқалаған кішкентайларға қолымыздан келгенше көмек беруіміз қажет,-деп өз ойымен бөлісті 2015 жылы «Мисс Қазақстан» атағын иеленген Әлия Мергембаева.
Шара соңында бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, екі жақ та ерекше әсермен, көңілді көңіл-күймен тарасты.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор