Шыны керек, бүгінде ата дінімізді ұстанып, намаз оқи бастаған баласына күдіктене қарайтындар аз емес. Білімсіздік салдарынан баланың мұсылмандық қастерлі парызын атқаруға тиым салып жатқандар да бар. Мұндай өкінішті қадамға баланы Ислам атын жамылған ағымдар тобынан сақтандыру үшін барып жататыны белгілі. Ал жастарға Ислам дінінің ерекшеліктері мен мән-маңызын дұрыс түсіндіріп, жеткізу—қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе. Жүздеген жылдардан бері халқымыздың тірегі, бағыты мен бағдары, жүрген сара жолы болып келе жатқан Ислам дінін тек Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиет етіп қалдырған Құран Кәрім мен Алла Елшісінің сүннетін берік ұстана отырып насихаттағанда ғана еліміздің біртұтастығы мен ұйымшылдығы нығая түсері даусыз. Соңғы жылдары осы бағытта көптеген жұмыстар тындырылып, арнайы діни оқу орындары пайда болды. Солардың бірі—облыстың орталық мешіті жанынан өткен жылы ашылған «Қайырымдылық мекемесі».
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен ашылған бұл мекеменің мақсат-міндеті—жас ұрпақ тәрбиесіне қайырымдылық бағытта үлес қосу. Мұнда оқып жатқан балалардың сабақтарын тексеріп, тәрбиесін бақылайтын арнайы тәрбиешілері бар. Сондай-ақ шәкірттер қосымша араб тілін үйреніп, діни білім алады, еліміздегі медреселер мен Нұр Мүбәрак университетіне алдын ала даярлау сатысынан өтеді. Жыл он екі ай бойы есігі жабылмайтын білім ошағын жазғы демалыс айларында лагерьге айналып, балаларды қабылдайды. Мұнда оқитын шәкірттер да, демалатын балалар да Құран оқудан өтетін жарыстарға қатысып, біліктілігін сынай алады. Олар түрлі сыйлықтармен ынталандырылады. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстаудағы өкіл имамы, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы С.Сейтбеков медресе шəкірттерін ынталандыру мақсатында олардың осында жүріп, Құран Кəрімді толық жаттағандарын үлкен қажылыққа жіберетіндігін айтып отыр.
Жатын орындармен қамтылған балалар үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген. 50 орынға арналған екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында 30 шәкірттік сынып, ұстаздарға арналған 1 бөлмелі 3 қызметтік пәтер, екінші қабатында 2 қонақ үй бөлмесі , 2 сынып, шәкірттердің жатын орындары, тәрбиешілер бөлмесі орналасқан. Халық арасында медресе аталып жүрген «Қайырымдылық мекемесінде» қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мәселесі де басты назарда. Рухани тұрғыдан жетіліп, жан-жақты білім алуды мақсат тұтқан балалар мен осында арнайы курстардан өтетін азаматтарды ас-сумен қамту мәселесі толық шешілген. Оны мойындарына алып отырған қайырымды кәсіпкерлер бар.
-Мекемемізге өткен жылдан бері қаладағы «Асарс-с» базары үлкен қолдау көрсетіп келеді. Келісім бойынша əр айдың соңғы жұма күні базарға барып, осындағы кәсіпкерлердің шын көңілден берген азық-түлігін жинап алып кетеміз. Олардың молынан ұсынған азық-түлігі біздің балаларымызға бір ай бойына жетеді. Бұлар—күнделікті тамақтануға қажетті азық-түліктермен қатар жас ағзаға аса қажетті дәрумендерге бай көкөніс, жеміс-жидектер. Алланың разылығы болсын бұл жомарт жандардың барлығына,-деп ризашылығын білдірді «Қайырымдылық мекемесінің» директоры Бердімұрат Қасымов.
Әлбетте, әлемдік дағдарыстың салдарынан айналада барлық дүниенің бағалары шарықтап тұрған кезде бұл кәсіпкерлер мұндай қайырлы істен бас тартса да өз еркі. Бірақ олар олай жасай алмай, кез-келген кісінің бойынан табылуы тиіс асыл қасиетті паш етуде. Осы орайда Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Алланың алдында жомарт болған бір қараңғы адам сараң болған ғалым адамнан сүйкімдірек. Ең емі қиын дерт—сараңдық дерті» (Ғазали) деген хадисі еске түседі.
Өкіл имам Смайл Сейтбеков ай сайынғы қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жүрген «Асарс-с» директоры Наталья Карапетянды медресе шәкірттеріне көрсеткен көмегі үшін Алғыс хатпен марапаттады. Медресе ұстаздары мен діндарлар да, жаны сахи кәсіпкерлер де осынша жан-жақты қамқорлыққа бөленген жас өрендердің асыл дінімізді көркейтіп, еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосарына сенімді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА