Өңірде «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің кәсіби дайындығы мен атқаратын лауазымына сәйкестігін анықтау мақсатында кешенді аттестаттау өтуде. Қазіргі таңда облыс бойынша жергілікті атқару органдарында 1347 мемлекеттік қызметкерлер қызмет етеді. Жоспарға сай 751 қызметші кешенді аттестаттаудан өткізуге жатқызылады.
Қазіргі таңда күніне 50-ге жуық «Б» копусындағы мемлекеттік қызметшілер кешенді аттестаттаудың соңғы кезеңі - әңгімелесуден өтуде. Әңгімелесу санаты бойынша атқаратын лауазымына байланысты үш түрлі деңгейде өткізіледі. Алғашқы деңгейде, Президент Әкімшілігі жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясынан орталық мемлекеттік органдардың облыстағы аумақтық бөлімшелерінің және олардың ведомстволарының басшылары, облыстық басқарма басшылары, сонымен бірге, осы санаттағы «Б» корпусының өзге де қызметкерлері өтеді. Екінші деңгейде, министрліктер мен облыстық әкімдіктердегі аттестаттау комиссияларынан сәйкесінше сол саладағы мекеме қызметкерлері өтеді. Үшінші деңгейде – аудандардағы аттестаттау комиссиялары. Бұл деңгейде аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер бағаланатын болады.
«ҚР Президенті жанындағы Жоғары кешенді аттестаттау комисиясынан Маңғыстау облысы бойынша 24 әкімшілік мемлекеттік қызметші өтті. Ал жергілікті комиссия алдында 360 мемлекеттік қызметші сынақ тапсырады. Аудандық және қалалық кезеңнен 362 қызметкер өтеді деп жоспарланған»,-дейді комиссия мүшесі Динара Жұмашева.
Кешенді аттестаттаудан зейнеткерлік жасқа толуына екі жылдан кем уақыт қалған, жүктілік пен босануға байланысты демалыстағы және бала күтіміне байланысты демалыстағы, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервінде тұрған «Б» корпусының қызметшілері, жалғызбасты аналар мен әкелер және бірқатар мамандар босатылады.
Үш кезеңнен тұратын кешенді аттестаттау бойынша Комиссия шешімі мынадай болуы мүмкін:
1) атқаратын лауазымына сай келеді және лауазымын жоғарылатуға ұсынылады; 2) атқаратын лауазымына сай емес; 3) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады; 4) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келмейді және қызметтен босату ұсынылады.Голрох Жеменей