Маңғыстау ауылындағы «Қуат» шаштаразына келушілер қарасы қалың болуына қарамастан кейбір санаттағы тұтынушыларына тегін қызмет көрсетуді әдетке айналдырған. Шаштараз 3 жылдан бері соғыс ардагерлеріне көрсеткен қызметі үшін ақы алмайды екен.
Қазір ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысушыларының қатары сиреп қалғандықтан көбіне бұл мүмкіндікті пайдаланатын ауған соғысының ардагерлері көрінеді.
- Міне, бірнеше жылдан бері шаш алдыратын болсақ, еш ойланбай «Қуатқа» келеміз. Кәсіпкер қарындасымыз Күмістің көрсетіп отырған ілтипатына өте ризамыз. 15 ақпан - кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Бұл біз үшін ерекше күн болғандықтан осындай жомарт азаматшаға алғысымызды ресми түрде білдіргелі келдік. Мұндай батыл қадамдарға бара алатын қыздарымыздың болғаны бізді қуантады,-дейді кәсіпкерді ауған соғысы ардагерлері атынан алғыс хатпен марапаттағанаудандық интернационал жауынгерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бердімұрат Тайболатов.
- Қазір біз бейбіт елде, тыныш қоғамда өмір сүреміз. Әрине, бұған осы ағаларымыздың, батыр бабаларымыздың да үлесі қосылған. Олар біз үшін қан майданда тер төгіп, жаумен жағаласқанда, біз неге олар үшін қолдан келгенін жасамасқа? Бұл ой мені көптен мазалаған. Бірнеше жылдан бері соғыс сарбаздары үшін қызметіміз тегін. Ақтау қаласындағы шаштаразымызда зейнеткерлерге де 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған,-дейді Күміс Пельванова.
Шахида ЖҰМАН