Елбасының 2017 жыл 31 қаңтардағы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатында республикалық ведомствоаралық ақпараттық-насихаттау тобы ауданға келді.
Республикалық топ құрамында ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Ермек Карентаев пен комитеттін Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы Даулет Бижанов бар. АНТ мүшелері алдымен Маңғыстау ауылында болып, аудандық зиялы қауым өкілдерімен, кейін қызылтөбелік тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ресми өкілдер Президент Жолдауындағы басымдылықтарға тоқталып, әрбір бағыт бойынша қандай жұмыстар қолға алынатытын сөз етті.
- Президент бүгінгі күні Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде және елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндетін қойып отыр. Қазақстанның бірінші жаңғыруы 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда. Екінші жаңғыру "Қазақстан-2030" стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда - Астананың салынуымен басталды. Осының нәтижесінде әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді. Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық, осының нәтиесінде Елбасы үшінші жаңғыруды бастауға жол сілтеп отыр,-деді өз баяндамасында Даулет Бижанов.
Сондай-ақ олар залдан қойылған сұрақтарға жауап берді. "Елбасымыз балабақшаға сұранысты өтеуге жекеменшік секторды дамыту қажеттігін айтқан болатын. Бірақ бізде бұл тұрғыда кедергі келтіретін бір мәселе бар. Яғни, халықтың көбі тұрғын үй салу үшін алған жерінен жеке балабақша, өзге де кәсіпкерлік нысандарын ашқысы келетінін айтады. Жердің нысаналы мақсатына сай оған мүмкіндік жоқ",-деп аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар халықтың көбінің көкейінде жүрген жәйтті ортаға салды. Осы жөнінде тұрғындардан Қоғамдық Кеңеске де бірнеше ұсыныс-сұраныстар түскенін келтірген аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Табылды Әміров мәртебелі меймандарға Кеңес атынан күрмеудің түйінін табуға ықпал етуі жөнінде сауал жолдады.
Бұған Ермек Карентаев ұсыныстың ескерілетінін атап, тиісті шарасы қаралатынын айтты.Шахида ЖҰМАН