Елбасымыз өз сөзінде «Біз сот жүйесінің материалдық базасын едәуір нығайттық. Барлық соттар техникалық жабдықталған және әділ төрелікті атқарудың заманауи стандарттарына сай ғимараттарда орналасуда және бұл жұмыстар жалғасатын болады»,- деген болатын. Шын мәнінде соттардың техникалық, материалдық қамтамасыз етілуі Ұлт Көшбасысының назарынан бір сәтке тыс қалған емес. Соңғы жылдары сот жүйесінің материалдық базасы едәуір нығайтылып, барлық соттар техникалық жабдықталып, сот әділдігін атқарудың заманауи стандарттарына сай ғимараттарда орналастыру жұмыстары жалғасын табуда. Міне, соның айқын дәлелі ретінде республика соттары заман талабына сай салынған ғимараттармен толыға түсті.
Бүгінде Маңғыстау облысында 1 облыстық сот, 13 аудандық сот жұмыс жасайды. 2015 жылы Маңғыстау облысы әкімшілігінің қолдауымен Ақтау қаласында орналасқан соттарды орнықтыру мәселесі оң шешімін тауып, облыстық сот қала орталығына көшірілген болатын. Аталған ғимаратқа Маңғыстау облыстық сотынан бөлек, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Ақтау қаласының әкімшілік соттары орналастырылды. Сондай-ақ, бұрын әкімшілік сот орналасқан ғимарат балабақша ретінде қолдану үшін мемлекет меншігіне қайтарылды. Осының нәтижесінде кезекте тұрған қаншама бала балабақшамен қамтылғанын айтып кеткен жөн деп ойлаймын. Одан өзге Ақтау қаласының №2 соты, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты бір ғимаратқа шоғырландырылды. Соттардың бір ғимаратта орналысуы бұқараның уақытын, қаражаттарын үнемдеуіне өз септігін тигізуде.
Қазіргі таңда қалаға жақын орналасқан Мұнайлы аудандық соты ғана жалға алынған шағын ғимаратта халыққа қызмет көрсетуде. Бұл мәселеде жан-жақты қаралып, өз шешімін табу үстінде. Күн санап халық саны артқан Мұнайлы ауданындағы Мұнайлы аудандық соты ғимаратының құрылысын салу үшін әкімшіліктен Маңғыстау селосы, № 24 квартал, № 41 жер учаскесі бөлініп, құрылыс жүргізілетін жер теліміне 3-құрамға арналған аудандық сот ғимаратының құрылысын салу типтік жобасын байланыстыру жұмыстарын жүргізілді. Сонымен қатар, өңірдегі 14 соттың алдына пандус орнатылып, мүгедектерге де қолайлы жағдай жасау біздің назарда. Облыстық сот, Ақтау қалалық соты және Ақтау қаласының №2 сотына мүгедектерге арналған арнайы арба құрылғысы орнатылған.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жасасам сан ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіз мемлекетіміздің сот жүйесінің ойдағыдай жұмыс жасауына толық жағдай жасалған. Қорыта айтқанда, сот ғимараттарының заман талабына сай жабдықталуы – заңды сыйлайтын, заңға жүгінетін жұртшылыққа ортақ қуаныш дер едім. Өйткені, сот ғимараттары халыққа қолайлы қызмет көрсетіп, көңілдерінен шығып жатса, олардың да сотқа деген сенімділігін, жылы көзқарасын қалыптастырары даусыз.
Жаңылхан Хаирова,
Маңғыстау облысы бойынша Соттардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету және дамыту бөлімінің басшысы