©
«12 жылдық білім берудің міндеті есейген балаларды тағы бір жыл мектепте ұстау емес. Негізгі мақсат – бірінші сыныпты 6 жастан бастау. Қазір бізде 6 жастағы балалардың тең жартысы мектепте, тең жартысы үйде жүр. 6 жастан кейін баланың білімді лезде қабылдау қабілеті таяздала бастайды. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Бұл сәтті пайдалана алмасақ, әрі қарай күрделі, қиын болады. 6 жас кезінде партада отырғандар мен отырмағандар арасында білім деңгейі айырмашылыққа ие болады. Бұл айырмашылық қала мен ауыл мектебі арасында бар. Сондықтан да басты мақсат 6 жасында бала партаға отыруы керек»
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев
- Биылдан бастап 6 жасар балалар 12 жылдық мектептің есігін ашты. Осыған орай ата-аналар тарапынан түрлі сұрақтар туындап, қазір бұрынғыдай әліппе оқытылмайды, әріпті әлі толық танып үлгерген жоқ, сондықтан баламыздың сабаққа үлгерімі нашарлап барады, оқулықтағы тапсырмалары өте күрделі, үйге тапсырма берілмейді, оған қоса ағылшын, орыс тілдері оқытылады, бес күндік болғанмен, 4-5 сағаттан оқып, шаршайды деген сияқты наразылығын естіп, облыстық білім басқармасына жолығып, облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ырыскүл Имамбаева және № 13 мектеп гимназияның 1 сынып оқытушысы - 1 деңгей курсын игерген, жоғары санатты мұғалім Жанар Әбиевамен газет тілшісі Үміт ЖӘЛЕКЕ сұхбаттасқан еді.
- Бірінші сыныптың жалпы жағдайымен таныстырыңызшы. Қанша пән, қанша сабақ оқытылады? Оқулықтар мазмұны туралы айтыңызшы.
Жанар Себенғалиқызы:
- 1 жартыжылдықта 35 минуттан, 2 жартыжылдықта 45 минуттан 4-5 сағат аптасына 5 күн оқиды. Сабақ кестесі пәндердің ауыр-жеңілдігіне, жас ерекшелігіне сай қойылады. Мысалы: дүниетану мен жаратылыстану, математика т.б сабақтар бір күнге қойылмайды. Кезектестіріледі. Әр сабақ арасында 20 минуттан сергіту минуттары өтіледі. Алты жасар ойын баласының далаға шығып, ойнап, сергіту минуттарымен айналысуына жағдай жасалады. Арасында тамақтанады. Әр класта 25-30 баладан бар.
Сауат ашу (әліппе орнына) «Атамұра» баспасынан шыққан, біздің көңілімізден шығады. Тілі қарапайым, тапсырма түсінікті, суретті. Математика, дүниетану, жаратылыстану, орыс тілі, ағылшын тілі, өзін-өзі тану, көркем еңбек, музыка - «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» бағдарламасы бойынша шығарылған оқулықтар. Денешынықтырумен бірінші сыныптың баласы аптада 10 сабақ оқиды.
Әліппені алып тастады. Әріптерді әлі өтіп жатырмыз. Өткен әріптер бойынша сабақ үстінде қысқа тапсырмалар беріледі. Мысалы: «Орманға саяхат» тапсырмасында «ң» деген әріп жоқ. Себебі бұл әріп әлі өтілген жоқ. Мұғалімдердің сауат ашуға сөзі жоқ. Сауат ашудың мәтіні де, суреті де түсінікті. Өтілген әріптердің таңбасын салуға машықтану үшін, дәптерге әріптерді жаздырамыз. Күрделілеу сабақтар да бар. Мысалы: жаратылыстануда астрономияның негізі бар. Галилео Галилей туралы, расытхана – (обсерватория) туралы түсінік бар. Сабақ кезінде мәтін дискіден немесе, мұғалімнің оқып беру әдісімен тыңдалып, баланы сөйлетуге баулу, түсінігін қалыптастыру үшін сабаққа қатысты сұрақтар беріліп, әр оқушыдан жеке-жеке жауап алынады.
Сабақ процесінде дискіден мәтін оқылады, оны бала тыңдайды, түсінгенін айтып береді. Мал төлін көрмеген қала баласы құлыншақтың даусына дейін дискіден естіп, суретін көріп отыр. Мысалы, тапсырмада бірнеше заттың суреті берілген сағат, доп, кітап, ағаш т.б. соның 3 тілдегі атауы түсіндіріліп, алғашқы түсінік беріледі. Тақырыпқа сай қарапайым ребустар да кездеседі. Бұның бәрі баланың ойын дамытуға, өз бетімен орындауға жұмыстандыратын тапсырмалар. Кейбір балалар бірден түсініп, тапса, кейбіреуі ойын жинақтай алмай, қиналып отырады.
Дүниетануда алғашқы қауымдық құрылыстан - тәуелсіз Қазақстанға дейінгі кезеңдердегі басты-басты тұлға немесе оқиға туралы қысқа-нұсқа мағлұмат берілген. Бірақ, оның бәрі тек алғашқы ұғым, таным қалыптастыру. Басында жаңа бағдарламаны оқыту бойынша түсінбестік болғаны рас. Көп жағдайда баламен қосып, ата-ананы да оқыту керек болды. Ата-анамен қарым қатынас дәптері бар. Соған баласының сабақ үлгерімі, іс-әрекеті туралы жазып жіберіп, жауабын алып отырамыз.
Ырыскүл Әбдіғалиқызы:
- Қазіргі балалардың бір жақсысы бала сабақты тек мектепте ғана оқиды, үйге тапсырма берілмейді. Ешқандай оқу жоқ. Тапсырма – тек тыңдау. Өлеңді тыңда, мәтінді тыңда! Неше дыбыс? Тыңдаған дыбысының санын атауы керек.
Үштілде білім берудің негізгі мақсаты - орыс сыныбындағы қазақ тілін жетілдіруге баса назар аударады. Оқулықта: піл-слон-элефант деген сияқты жекелеген атаулар үш тілде берілген. Бұл қазіргі баланың көкжиегін кеңейтуге арналған. Қазіргі жаңартылған білім беру әдістемесі - спираль тәрізді. Аздан – көпке қарай, кішкентайдан – үлкенге қарай дамыта оқыту. Бұрын бөлшектеп, блоктап берілген білім енді осындай әдіспен беріледі. Мысалы кітап, кітаптың түрлері, кітаптың маңызы т.б. сыныптан-сыныпқа өткен сайын толықтырыла береді. Айналамен танысу – дүниетану – тарих, әдебиет, табиғаттану, қоғамтану т.б. пәндердің бастапқы түсініктері беріледі. Қоршаған ортаны, қоғамды сурет салу түрінде тану басталады. Өсімдік, адам, қоғам, жер және ғарыш т.б. бөлімдерге бөлініп оқытылады. Келесі жылы осы түсініктер күрделене түседі, арғы жылы одан да күрделене береді.
Үштілді оқыту әдістемесі жаңалық ретінде басында дұрыс қабылданбады. Қазір сабақ ретінде арасында жеке сөз, ұғым берілу арқылы, миына мектеп бітіргенше сіңіріледі. Осы жолмен оқушы негізгі білім базасын – 9 жылда алып болады. 10-11 сыныпта таңдау бойынша әркім өзі қалаған пәндерді оқиды. Мысалы, медицина мамандығына баратын бала химия мен биологияны таңдауы мүмкін. Ал математика мен физиканы оқымайды. Ол пәндер ары қарай тереңдетіп оқытудың оған қажеттілігі жоқ. Себебі бала болашақта өзі қалаған мамандыққа керек пәндерден таңдау жасап алды. Осы таңдаудың нәтижесінде химия, биология пәндерін тереңдете оқып, терминдер сөздерді ағылшын тілінде біліп шығады.
- Балалар қалай бағаланады?
Жанар Себенғалиқызы:
- Қазіргі бала бағаға оқымайды. Қазір жиынтық баға, қалыптастырушы баға деген бар. Әр бала жеке тапсырманы қағазда бейнеленген кестені толтыру арқылы орындайды. Әр баланың жеке жұмысы жиналып, ата-анаға көрсетіледі, бағаланады.
Мысалы: жиынтық баға былай шығарылады: 1 тапсырмада 4 критерий, 2 тапсырмада 6 критерий, 3 тапсырмада 4 критерий - барлығы 14 тапсырма бар. Соны толық орындаған бала – 14 ұпай жинайды. Білімі ұпаймен бағаланады. Бұл әр тарау өтілген соң алынатын жұмыс, күнделікті жұмыс ұпайы бөлек.
- Бала тапсырмада берілген суреттің атын білмеуі, бұрын көрмеуі мүмкін ғой?
Ырыскүл Әбдіғалиқызы:
- Ондай жағдайда, көрмеген зат туралы да түсінік беріледі. Мысалы: Қайшы - ағаштың бұтағын қиып, тегістеу үшін қолданылатын құрал деген сияқты. Әріп кезегімен өтілген сайын дәптерге әріптің таңбасы жазылады. Бұрын да әліппе 2 ай оқытылатын. Бұның ерекшелігі жыл бойы әріппен танысып, балаға 2 айда 42 әріпті игеру талабы қойылмайды. Бұрынғы 5-ке дейінгі шектеулі баға балаға сол әріп тануына байланысты қойылады да, сол баста маңдайына жазылған «3» не, «5» деген бағамен көбіне көп бала мектепті де бітіріп шығатын. Мұғалімдер «үштің баласы», «төрттің баласы» деп белгілеп алатын. Тіпті тоқсанда 5-ке оқитын бала, 4 не 3-ке шығып кетсе, «Бұл 5-тің баласы ғой, неге 4-ке шықты деп, жетекшілер пән мұғалімін жазғыратын. Қазір бұның бәрі жойылды. Мұғалімдердің айтуынша, бұрынғы 1 сыныпқа барған балада тапсырманы орындап үлгере алмасам, «2» алып қалам деген стресс болады екен. Қазір бірінші сынып оқитын бала мектепте дайындалады, үйдегі уақыты бос. Үйде де, класта да оқығасын, көп ұзамай, жалығып кетеді. Бала білімін бағамен шектеу жоқ, бұл әдістің жетістігі де сол.
- Ата-аналарда бала ана тілінде сөздік қоры дамымай қалады деген қорқыныш бар секілді?
Жанар Себенғалиқызы:
-Оны мектепке дейін үйден орыс, ағылшын тілін үйреніп барып отырған бала айтып отыр. Қаланың балаларының көбі мектепке орысша сөйлеп келеді. Қазақша сөйлеуді мектепке келгесін үйрене бастайды. Сауат ашуды оқығасын ғана қазақша мал төлдерінің атауларын, ойын әдісімен («Мал төлдерін енесіне табыстыру» т.б. ойындары бар) сабақ өткен кезде ғана білімдері тереңдей түседі.
Ырыскүл Әбдіғалиқызы:
- Теледидар арқылы алған дүниетанымы мен тілдік қоры мектепке барғасын кеңейе түседі. Қазақша ұлттық дәстүрге сай тілді, ұғымды үйрететін мектеп. Мектепке келгенше бұзауды – «теленок» деп атап келген бала құлыншақты, бұзауды - спираль арқылы дамыта тануды жалғастыра береді.
Бұрын орыс тілі, ағылшын тілі енгізілмеген кезде де бала теледидар мультфильмдер арқылы орысша сөйлеп үйренді. Оған әсер ететін ата-ана, смартфон, теледидар т.б.
Жаңа оқулықтар алдын ала тәжірибеден өтіп, пікірлер жан-жақты жинақталып, талқыланып, толықтырылып, жетілдіріліп шықты. Кем-кетігі болса, әлі де жетілдіріліп отырады.
Жанар Себенғалиқызы:
- «Жабайы және үй жануарлары» тақырыбын өткенде арқар, қой, құлын, т.б. әдемі суреттері берілген тапсырма арқылы жұмыс жасайды. Сонда бала өзі мультфильмдерден көрген дүниелерімен байланыстыра отырып, сабақты ары қарай еркін дамытып әкетеді. Кітапта берілген суретке қарап, бала жанды мен жансызды айыруды үйренеді. Төлдердің шынайы, даусын естиді, жүрісін тамашалайды.
«Өз бөлмеңнің қандай болғанын қалайсың?» т.б. тапсырмалар бала қиялын дамыту мен өмірлік танымын қалыптастырудың бастамасы. «Менің отбасым» тақырыбындағы «Отбасы мүшелерін стол басына қалай отырғызар едің?» тапсырмасы бойынша баланың - атам, әжем, әкем, анам, ағам, т.б. деп жасының үлкендігіне қарай орналастыруды білуі баланың ұлттық тәрбиесі мен әдептің алғышарттарын қалыптастырудың мысалы.
- Дегенмен, кей ата-ана бірінші сыныпқа барған баласының оқулығы күрделі, бала игере алмайды деседі.
Ырыскүл Әбдіғалиқызы:
-Ата-ана неге қиналады? Себебі жұмысбасты ана баласының сабағына қарауға уақыт таппайды. Жұмыстан келген бойда қазанның құлағына жабысады. Әкесі де жұмыста.
Жанар Себенғалиқызы:
- Баланы басқа баламен салыстыруға болмайды. Ешқашан «Сен ана пәленшеге қара, ол сенен артық. Сен одан төменсің. Ештеңе білмейсің. Топассың» деп, тұқырта тәрбиелеуге болмайды. Ондай сөз естіген бала психологиялық кемсітушілікке ұшырайды, іштей өзінің қатарынан осалдығына жүнжіп, өсе келе бойында өзін кемсітушілік мінезі пайда болады.
- Қоғамда кез-келген реформаны, жаңалықты бірден қабылдай қою қиын, білім берудегі жаңалық одан да күрделі жұмыс, дегенмен жүре келе жеңілдіктері мен жетістіктеріне көздері жеткесін түсінеді.
- Жаңалықты қабылдау қиын екені рас. Бірақ, біз соны түсіндіре беруіміз керек. Қоғамда әлі түсінбеушілік тудырып отырған үштілділік мәселесі де қоғамда бар, күнделікті қолданыста жүрген зат. Балалар орыс, ағылшын тілдерінде ән тыңдап жүр, сөздерін, заттың атауларын кинодан, мультиктен көріп, естіп отыр. Жаһандану заманының азаматы жан-жақты болуға тиіс. Республика бойынша бағдарлама жалпыға бірдей. Оқулықтар мен дәптерлер тегін таратылып беріледі. Барлық бала қамтамасыз етілген.
- Ата-аналар «Үйге тапсырма неге берілмейді?» деген де уәж айтады.
Ырыскүл Әбдіғалиқызы:
- 4-5 сағат оқып келген баланың қалған уақытта демалуға, ойынға уақыты болғаны дұрыс емес пе? Ол әлі алты жасар ойын баласы ғой, өсе келе тапсырма да берілетін болады, сабақ та күрделене түседі ғой. Бірақ, заман талабы уақытты үнемдеуге үйретеді. Мен әдістемелік тәжірибе алмасу мақсатында Корей елінде, Сеулда болдым. Олардың өмір сүру жағдайын, бізден көп ілгері дамып кеткен технологиясын көргенде таң қаласың. Балабақшадан бастап, жоғарғы оқу орнына дейін араладық. Таңғы жеті жарымда кіп-кішкентай бала үйден шығып, кешкі сегізде келеді екен. Мектептен соң, тілге, түрлі үйірмеге, жаттығуға, бассейнге т.б. кезегімен барып, күні бойы қалыпты жұмысқа, жүйелі еңбекке жегіліп дағдыланған баланың бұзақылыққа, еріншектікке, салғырттыққа т.б. уақыты жоқ. Біздегі жағдай өзгеше, бала шаршайды, бала қиналады деп, оңайлыққа қарай ұмтылады.
- Кейінгі кездері қоғамда мұғалім беделінің төмендеп кеткені жасырын емес. Мұғалімдерді көше тазарту т.б. қоғамдық науқандық жұмыстарға жаппай жегетін індет шықты. Осы туралы ойыңызды білсек?
- Түркия, Иран, Корей, Еуропа елдерінде мұғалімнің беделі өте жоғары. Корей елінде кез-келген адам мұғалім бола алмайды, институт бітірген жас маман 3 жыл жалпы қоғамдық сынақ-бақылаудан өтетін талап қойылады екен. Сол сынақтан сүрінбей өткен мамандар ғана мұғалім бола алады. Болашақ балаға білім мен тәрбие беруші қарапайым мұғалім ең бірінші адамгершілік-моральдық сапасына қарап бағаланады екен. Баршаға үлгі боларлық әдіс деп ойладық.
Сұхбатыңызға рахмет!