Мұқағали - бақытты ақын!
Бақыттылығы сол – жыл сайын ақпанның 9 күні қазақ даласының түкпір-түкпірінде оның жырлары оқылумен келеді.
Ақынның өлеңдерін оқитын жырсүйер қауымның жасы әртүрлі. Бастауыш сыныптағы балауса оқушылардан бастап, еңкейген қарияларға дейін ақынның өлеңдерін тебірене оқиды. Кейбіреулері «...Қазақтың қара өлеңі – құдіретім, сенде бір сұмдық сыр бар естілмеген» деп, ұлы Мұқағали айтпақшы, қара өлеңнің құдіретіне шыдамай көз жасына ерік береді.
Музыкалы-драмалық театрда да осындай көрініс болды.
Ақынның отан туралы өлеңін тебірене оқып тұрған бала Айдос өзін ұстай алмай жылап жіберді. Міне, қара өлеңнің құдіреті деген осы!..
Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы және Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының ұжымымен бірлесе ұйымдастыруымен қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, «Мұқағали Мақатаев: - Бүгін менің туған күнім...» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске алу, туындыларын өскелең ұрпаққа насихаттау, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында өткен аталмыш кешке ұлы ақынның шығармашылығымен етене таныс, өлеңге, өнерге жаны құштар 90-ға жуық мұғалімдер, студент жастар мен оқушылар қатысты.
Кеш барысында театр басшысы Мұқанов Нұрнияз және ақын шығармашылығындағы облыстық театрда сахналанып жүрген «Қош, махаббат» драмасының басты және қосымша рөлдерін сомдаушы әртістермен сұхбат жүргізіліп, олар өз өмірлеріндегі Мұқағалидың орны, әсері туралы ойларымен бөлісті. Әсіресе, ақынның ауылдасы – театр актері Айбек Иманқұловтың естеліктері қатысушылар көңілін толқытып, оның өлең оқу мәнері мен ақын даусын айнытпай салуы тыңдармандар тарапынан қызығушылық туғызды.
Сондай-ақ, студенттер мен оқушылар халық жыршысына айналған ақынның шабыт пен сағынышқа толы жүрекжарды жырларын тебірене оқып, театр актері Рамазан Ақтаевтың орындауындағы ақын сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Мен деп ойла» әні әсерлі шықты.
Ақынның жолын қуған ақынжанды жас № 11 мектептің 6-сынып оқушысы Жанғали Айдосо өз жүрегінен шыққан «Мұқағалиға арнау» өлеңін оқыды.
Қазақтың ұлы ақыны өмірі - өлеңге, өлеңі - өмірге айналған Мұқағали Мақатаевқа арналған кеш ерекше сезім мен сырға толы болды. Кешке қатысып, ерекше көзге түскен оқушыларға ақынның туған күніне орай өтетеін «Қош, махаббат!» пьесасына жасөспірім талапкерлерге тегін билеттер сыйланды.
Кешке жиналған қауым ақын әндерімен сусындап, бүгінгі ұрпақтың ақын өнерін, шығармашылығын қастерлей білетіндіктеріне көз жеткізіп қайтты.
Үміт ЖӘЛЕКЕ