Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында К-ға қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 603-бабының, 2-бөлігімен (Арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды (күзет сигналын беруді қоспағанда) көлiк құралына тиiстi рұқсатсыз орнату) іс қаралды. Сотта анықталғандай, құқық бұзушы Ақтау қаласы 22 шағынауданындағы Орталық базарға қарсы тас жолда «Toyota Land Cruiser 200» маркалы автокөлігіне дауыс көтергіш қондырғысын тиісті рұқсатсыз орнатып басқарған. Құқық бұзушы К. жоғарыдағы бап негізінде кінәлі деп танылып, әкімшілік құқық бұзушылық құралы тәркіленіп, 25 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 53025 теңге айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енбеген.
АРА ҚАШЫҚТЫҚТЫ САҚТАМАЙ, АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жол құрылыстары мен басқа құрылыстарды немесе өзге де мүлiктi бүлдіруге әкеп соққан, материалдық залал келтiрген бұзушылығы) У-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сөйтсек, жүргізуші У. Ақтау қаласы 26 шағын ауданыны 1 үйге қарама-қарсы тас жолда «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатып, Жол қозғалысы Ережелерінің 9.10 тармағын бұзып, арада соқтығысудан сақтауға мүмкіндік беретін аралықты сақтамай, қауіп туған жағдайда ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе қозғалысқа басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей кедергіні айналып өтуге шаралар қолданбай, алдында тұрған «Lada Rs0y5l A2k-42» көлік құралын абайсызда соғып, оның бүлінуіне әкеп соқтыратындай дәрежеде материалдық залал келтірген.
Сот қаулысымен У. жоғарыда аталған бап негізінде кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде оған 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 21210 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.
Қаулы занды күшіне енген жоқ.
АРА АҒАЙЫНДЫҚ АНАСЫМЕН ТАТУЛАСТЫРДЫ
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабы 1 бөлігімен (құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса) азамат Т-қа қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта анықталғандай, азамат Т. өз үйінде ішкілікті күйде болып, анасымен ұрыс-жанжал шығарып, оның ар-намысына тиетін балағат сөздер айтып, бірге тұратын адамдарға сыйламаушылық білдіріп, отбасының тыныштығын бұзған.
Сотта құқық бұзушы Т. кінәсін мойындап, қазіргі кезде медиатордың көмегімен анасымен татуласқанын айтты.
Сот қаулысымен құқық бұзушы Т. ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс жүргізу жәбiрленушiмен медиация тәртібімен татуласуына байланысты тоқтатылып, әкімшілік жауаптылықтан босатылды.
Қаулы заңды күшіне енген.
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі