©
Бала тәрбиесі–өте ерте заманнан бастап адамзатты толғандырып жүрген өмірдің өзекті мәселелердің бірі. Мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін логикалық ойлаудың ролі ерекше. Логикалық ойлау–мектеп жасына дейінгі кезеңнен басталып, адаммен өмір бойы ілесіп жүретін ерекше қызмет түрі. Логикалық ойын–балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.
Логикалық ойындар баланың психикасында сапалы өзгерістер тудырады: бала зейінінің, жадының қалыптасуына ойлау, қиялдау қабілетінің дамуына әсер етеді. Ойлау шығармашылық және таным әрекетінің негізі болып табылады. Логикалық ойлау–адамның интеллектуалдық қабілеттерінің негізін құрайды.
Балабақшаның басты міндеттерінің бірі–бүлдіршіндердің ой-өрісін, іс-қимылын жан-жақты дамыту. Негізінде баланың логикалық ойлау қабілеті дегеніміз–қарапайым математиканың алғашқы ұғымдарын меңгеруден басталады десек қателеспейміз. Балалардың логикалық ойлау дағдылары әсіресе математика сабағында арта түседі. Балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуда қарапайым математиканың алғашқы ұғымдарын ойын арқылы үйретудің, заттарды әр түрлі геометриялық пішіндерден құрастырудың, ауызша есеп шығарудың, көру арқылы салыстырудың, қиялдаудың, жұмбақтар жаттаудың маңызы өте зор. Өйткені жасырын тұрған ойдың нені меңзеп тұрғанын ойлап табу баланың ми қыртыстарының жұмысын шыңдайды. Яғни, логикалық ойлау сезімін қалыптастырады.
Ойын барысында берілген тапсырмаларды шешуде балалардың ақыл-ойы дамиды. Міне, осыдан баланың логикалық ойлау, қиялдау қабілеті шыңдалады, дамиды. Логикалық ойлаудың қисындылығы олардың шындыққа сай келуінде. Логикалық ойлауға түскен құбылыстың себептері мен салдары, ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Пікір алмасу кезінде, әсіресе математикалық тұжырымдар кезінде пайымдау, ойлау заңдылықтарын немесе былайша айтқанда сол заңдылықтар мен формалары жөніндегі ғылым—логиканың көмегімен бір пікірден екінші пікірді шығарамыз. Логикалық тұжырым теориясының ең алғаш грек философы Аристотель негізін қалаған.
Қызықты математиканы оқытудың әрбір кезеңінде балалардың бағдарламалық материалды оқып үйренгендей қабылдауға терең де берік білімдеріне, іс-әрекеттеріне және дағдыларына, сонымен бірге, қызықты математиканы оқытудағы қызығушылығын дамытуға да байланысты болады. Топ балалары бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор балалар да бар. Оларды жеңіл, біріңғай тапсырмалар орындау жалықтырады. Сондықтан белгілі бір ережені меңгеретін жаттығуларды орындағанда оларға қиынырақ тапсырмалар, міндетті емес тапсырмалар берілуі қажет. Қазіргі кезеңдегі естияр топ математикасында әлі шешімдері табылмаған мәселелер аз емес. Соның бірі–балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, білім алуға деген құмарлықтарын арттыру. Осындай проблемаларды шешу мақсатында естияр топтан бастап логикалық есептерді шығару керек.
Балалардың жеке ойлау қабілетін дамыту үшін олардың өзіндік күш-қуаты мен сенімін арттыру керек. Қолынан келетін көп істердің мүмкіндіктеріне бағыт берген абзал. Балалардың білімді меңгеру үрдісі негізінен қабылдау, түсіну, есте сақтау, қорыту және жүйелеу компоненттерінен тұрады. Балаларды логикалық ойлаудың тәсілдеріне үйрету керек, онсыз оқу материалын қабылдау мүмкін емес. Сондықтан да математикалық дайындық логикалық ойлау және көңіл бөлушілік дамуымен байланысты болуы керек. Естияр топта балаларда басқа пәнге қарағанда, математика ойлау, есте сақтауын қажет етеді, қызығушылығы оянып, ой-өрісі дамып, алған білімдерін анықтайды.
Мысалы, логикалық жаттығулар. Бұл тапсырмалар балалардан тек қана математикадан білім емес, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі жағдайға байланысты білімді талап ететін тапсырмалар. Бұл тапсырмалар негізінен балалардың байқағыштығын, ойлауын, қиялын дамытуға негізделген. Балалардың логикалық ойлауын дамытуда «Өз жұбыңды тап», «Ұқсасын тап», «Бірде бір», «Қапшықтан неше ойыншық алдың?», «Өз орныңды тап» ойын түрлерін ұсынуға болады.
Логикалық жаттығуларды орындау баланың ақыл-ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытады. Бұл балалардың түрлі мазмұнды есептерді шығаруда, есептің шартын құра білуге қалыптастырады. Бір есептің бірнеше шешімдерін табуға жетелейді. Әрбір сабақ қызықты есептермен аяқталып, логикалық есептер балалардың жас ерекшелігіне қарай күрделене түсуі қажет.
Венера ШАХАЕВА, «Ақниет» шағын орталығының әдіскері, Ақтау қаласы.