©
Жыл өткен сайын алуан түрлі себептермен көші-қон үдерісі күрделеніп, күллі әлем елдерінің көпшілігіне ортақ мәселеге айналып, қордалану үстінде. Соның ішінде ең өзектісі—еңбек мигранттарының толастамауы. Бүгінде біздің еліміз еңбек мигранттарын қабылдау жөнінен әлем бойынша алдыңғы жиырмалық қатарында. Ал келім-кетімі көп жердің өз ерекшелігі мен проблемасы болары сөзсіз.
Біздің өңіріміз де осы көші-қон мәселесімен тікелей байланыста. Тұрақты қоныс аударушылармен қатар еңбек мигранттары да жетіп артылады. Әлбетте, түпкілікті қоныстанушылардан гөрі уақытша келіп-кететін мигранттар жайы, әсіресе, олардың денсаулығы ғалам мамандарын алаңдатуда. Осы орайда «Project HOPE» жаһандық ұйымының жобасы Қазақстанда жүзеге асырылуда. Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды қалалары мен Алматы облысын қамтитын бұл жобаға қатысушы Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) осы қалаларда жүріп жатқан құрылыс нысандарын, базарларды, шетелдік арзан жұмыс күші тартылатын басқа да орындарды аралап, жұмысшыларды туберкулез ауруы бойынша медициналық тексеруден өткізіп келеді. Маңғыстауда бұл жобаны «Жолдас» ЖИТС сервистік ұйымдар қауымдастығы жүзеге асыруда. Жақында бұл қауымдастық облыстық туберкулезге қарсы диспансерімен бірге арнайы акция өткізді.
Ақтау қаласындағы 35-шағын ауданда орналасқан оралмандар жатақханасының ауласында ұйымдастырылған акция барысында түпкілікті қоныстанушы азаматтар мен уақытша келген мигранттар флюорографиядан өтті.
-Акцияға қатысқан 104 адамның 98-ін флюорографиялық рентгеннен өткіздік,-дейді «Жолдас» ЖИТС сервистік ұйымдар қауымдастығының үйлестіруші қызметкері Гүлнәр Жақаева.- Тексеруден өткендердің ішінен 1 адамда туберкулезге күдік бар екендігі анықталды. Ол кісіні №2 қалалық емханаға апарып, қайта тексеруден өткіземіз. Егер оның туберкулез екендігі нақтыланып жатса, ары қарай емделуге жібереміз. Аталмыш шараның ойдағыдай өтуіне жоба аясында серіктес ретінде ат салысқан Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімінің, Қырғыз этномәдени орталығының, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Бұл олардың халық денсаулығына немқұрайлы қарамайтынын аңғартса керек.
Бұл күні медициналық шараға қатысушыларға дастархан жайылып, кофе-брейк ұйымдастырылды, олардың барлығына «Project HOPE» логотипі бар футболкалар, 500 бірлігі бар «Билайн» номері таратылды. Сондай-ақ 60 адам еңбек мигранттарына арналған сауалнамаға қатысты. «Project HOPE» жаһандық ұйымы осы сауалнамаларға талдау жасап, соның негізінде алдағы уакытта мигранттарға тиімді көмек көрсету мүмкіндігін анықтайтын болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА