©
Үндеу – бұл болжанған қадам
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін қолдау мақсатындағы кезекті шара «Достық» үйінде болып өтті. Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бас қосып, Елбасы Үндеуіндегі жаңа конституциялық рефорламар мен өзгерістердің маңыздылығы турасында өз пікірлерін айтты.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 25 қаңтарында жариялаған Үндеуі бойынша өз құзыретіндегі біршама өкілеттіктерді Үкімет пен Парламентке берді. Бұл жаһандық ахуал мен ғаламдық үдерістерге, технологиялық және әлеуметтік жаңғырту талаптарына берілген нақты жауап. Үндеудің басты мақсаты – басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. «Бұл шешім бірден қабылданған жоқ» дейді басқосуды ұйымдастырушысы облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Амангүл Жайылханова. Жиналғандар да Үндеудің дер кезінде жарияланғанын айтты.
- Елбасы бұл шешімге бір күнде келген жоқ. Жұмыс тобы көп жұмыс жасады. Парламент, үкімет және жергілікті биліктің маңызы күшейтіліп отыр. Қазақ «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?!» демей ме?! Сондықтан біз бас-басымызға би болмаймыз. Қайта жауапкершілік артып, биліктің маңызы күшейеді деп сенемін,-дейді көшбасшы әйелдер мектебінің басшысы Роза Махамбетова.
- Бұл – болжанған қадам. Бұған дейін бірнеше рет айтылды. Қоғам бұл Үндеуге бейжай қарамай, талқылауға міндетті түрде қатысуы тиіс деп санаймын. Әрбір мемлекеттік орган өздері жүзеге асырған бағдарламаларының есебін берулері тиіс,-дейді «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.
Үндеудің мағынасы мен мәнін қоғамға тиіс дәрежесінде жеткізу үшін ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу қажет.
- Жаңа реформалар - бұл әрқашан қуанышты да жағымды жаңалық. Біз өз Көшбасшымыздың барына қуанамыз! Ол сөз бен істің адамы! Үндеуді қуана қолдаймыз!-деді «Аналар кеңесінің» өкілі Зульфия Бернеева.
- Қай кезде де Елбасының бағытымен, көзқарасымен бүгінгі күнге жеттік. Бұл өзгеріс қажет, бұған сеніммен қараймын. Болашақта жауапкершілік күшейтіледі деп ойлаймын. Бұдан былай жауапкершілік кімде екенін халық білетін болады. Үлкен үміт артып, көп жақсылықтар күтеміз,-дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әсет Нұров.
Анар ШАМШАДИНОВА