©
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы билік тармақтарын үлестіру барысында 40-қа тарта президенттік құзыреттің Парламентке және Үкіметке берілетінін мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат. "Алдағы реформа біздің дамудың және жалпы қазіргі заманғы даму логикасына сүйене отырып жасалды.
Негізгі мәні - Президент өзінің бірқатар құзырын Парламент пен Үкіметке береді. Мықты президенттік билік мемлекеттің қалыптасу кезеңінде ауыр белестерді өткеру үшін аса қажет болды. Ол өз уақытында өзін-өзі ақтады. Біздің барлық жетістіктер осы жүйенің негізінде келді", - деді Елбасы Қазақстан халқына арналған үндеуінде.
Президенттің айтуынша, бұл реформа басқару жүйесінің тиімділігін жоғарылатуға бағытталған. "Біз жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық. Біздің таңдаған жолымыздың дұрыстығын тариxтың өзі дәлелдеп берді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өту кезінде, біз елдің жетістігін, соның ішінде билік құрылымдарының, президенттік жүйенің жетістігін сөз еттік.
Дегенмен әлем қазір көз алдымызда өзгеріп жатыр. Қоғамдық процестердің жылдамдығы мен қиындығы Қазақстанда да ұлғаюда. Алдымызға тариxтың өзі қоятын жаһандық және аймақтық қауіп-қатерлерді қалай қабылдайтынымызды осы бастан ойлауымыз керек", - деді Н. Назарбаев. Елбасының атап көрсеткеніндей, ұсынылып отырған реформаның негізгі мәні билік құзырын үлестіру, саяси жүйені жалпы демократияландыру.
"Президент үшін жаңа жағдайларда стратегиялық құзыр, билік тармақтары арасындағы жоғарғы арбитрдің рөлі басымдық болады. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздікке және елдің қорғаныс қабілетіне ден қояды. Өз кезегінде Парламент пен Үкіметтің рөлі артады. Аталмыш жұмыс екі негізгі бағытта жүргізіледі. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады.
Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс. Екіншіден, одан да күрделі міндет - билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету", - деді Президент. Елбасының сөзінше, Үкімет құруда Парламент рөлін, министрлердің депутаттар алдындағы жауапкершілігін күшейту аса маңызды. Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауда шешімді түрде әсер ете алады. Осыған байланысты, енді Үкімет өкілеттігін бұрынғыдай Президент алдында емес, Парламент алдында тоқтатуы заңды болады.