Облыс орталығындағы «Достық үйі» ғимаратында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Толерантты қарым-қатынасты және этносаралық өзара қатынастар мен конфессияаралық келiсiмдi қалыптастырудағы дәстүрлі діннің рөлі» тақырыбында мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова бүгінгі таңда діннің қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айнала бастағанын және жиналыстың басты мақсаты жасөспірімдерге имандылық пен Ислам діні туралы түсінік беріп, деструктивті ағымдардың алдын алу екендігін айтты.
Облыстық орталық мешіттің найб имамы Елдар Атибеков өздерін сәләфилер, яғни, дінді алғаш қабылдаушылардың ізін жалғастырушылар санайтын ағым жайына, оның кейбір айырмашылықтарына тоқталды.
-Дәстүрлі емес діни бағыттағылардың қате пікірлерінен, яғни дінді дұрыс түсінбеуінен немесе білімсіздіктен түрлі әрекеттерге барып жатқаны шындық,-деді ол.-Ислам діні елімізге кеше келген жоқ. Қазақ халқы 12 ғасырдан бері имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабын ұстанып келеді. Қасиетті Құранда кітап иелерімен, яғни христиан және яхуди діндері өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болуды бұйырады. Жаратылыс тұрғысынан алғанда да еш адамның бір-бірнен артықшылығы жоқ. Мысалы, арабтың араб еместен, араб еместің арабтан артықшылығы жоқ. Ислам діні осындай тепе-теңдікті ұстайды. Ешкімге дінді күштеп қабылдатуға да болмайды. Әркімнің өз еркі.
Сондай-ақ ол әһли сунна, яғни дәстүрлі дін саналатын төрт үлкен мазхаб туралы әңгімелеп, Ислам діні жайында білгісі немесе Аллаға құлшылық жасап, парызын орындағысы келетіндер мешіттердегі имамдармен ғана хабарласуы керектігін қаперге берді. Ақтау қалалық мешітінің найб имамы Іздібай Қобыланов та діни ағымдардың қауіптілігін әңгімелеп, ешқандай діннің кісі өлтіруді, әдепсіз істерді насихаттамайтынын ескертті.
Жастар алдында «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова, «Вайнах» шешен және ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Магомед Лорсанов сөз сөйлеп, дін мәселесіне қатысты өз пікірлерін білдірді.
Кездесуде сөйлегендер елімізде түрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдай жасалғанын, барлық діни сенім өкілдерінің біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатқанын және Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отырғанын атап өтті.
Жастар найб имамдардан дін тақырыбында өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА