©
Онымен сонау сексенінші жылдары таныстым. Он төртінші шағын ауданның 31 үйінен пәтер алып, төбем көкке жетіп, думандатып жүргем... «Көрші болдық, Василий Ивановичпін» деп жылы жымиып, қолын ұсынды. Арада апта өткен. Демалыс болатын. Васекең қара терге түсіп, бүкіл үйдің алдына тал егіп жүр.
-Таптап өтуге қимадым,-деп жадырай күліп, күректей қолымен моншақтап маңдайынан аққан терін сүртті. Қаспий аймақтық құрылыс басқармасының бір бөлімшесінде тракторшы еді. Салынар құрылыс орнын алдымен шынжырлы алып трактормен сүріп шығатын. Топырақ астындағы ұлутасты кесіп, жол салатыны тағы бар.
-Бір өзіңіз елу талды қалай егесіз? Бұл тұрғын үй кеңесі қызметкерлерінің міндеті емес пе!-деп көсемсіп жатырмын. Басын шайқады. Тізе бүкті. Топырағы үйілген шұңқырларға қарап, ойланғандай болды.
- Бірнеше жылдан соң бұл талдар, әсем бой түзеп, үлкен терекке айналады. Көлеңкесінде немерелеріміз ойнап жүреді, -деп жүзі ерекше нұрланып, қолына күрегін алды...
Содан бері отыз алты жыл зулап өте шығыпты-ау. Дәл айтыпты. Жазда бара қалсаңыз бүгінде бес қабат үймен бой жарыстырған алып бәйтеректер жапырағы жайқалып, айналаға сән беріп, баяу тербеледі. Көлеңкесінде асыр салған балалардың сыңғыр күлкісі естіледі. Асыр салып, ойнаған кішкентайлардың бал қылығын қызықтап, жүзінде күлкі ойнап Василий Иванович отырады.
-Ақтауға 1964 жылы келдім, -дер еді.- Қала көз алдымда өсті. Салынған ғимыраттардың біразында менің де қолтаңбам қалды. Отбасын құрдым, тамырым жайылды.Еңбегім бағаланды.
Айтса айтқандай, қайда жүрсе де нардың жүгін көтерді. Қатарының алды болды. Алып шынжырлы тракторымен Маңғыстаудың біраз жерлерін шарлады. Айлап жолсапарда жүрді. Өзім куә болған бір оқиға есімнен кетпейді. Онда Қарақия аудандық «Түлеген түбек» газетінде жұмыс істейтінмін. «Д-100»-сымен тас қазып жатқан Васекеңді кездестірдім. Құрықтағы санаторий құрылысына көмекке келіпті.
-Каспий аймақтық құрылыс басқармасы басшыларынан аттай қалап, сұрап алдым. Жұмысына тиянақты, уақытпен санаспайтын бір керемет жан екен, -деген санаторийдің бас дәрігері Тарғын Мақтағановтың сөзі құлағымда қалыпты. Сол жылдары В.И.Гондаренконың суреттері кәсіпорынның Құрмет тақтасында тұратын. Қашанда жоспар-меже биігінен көрініп, қатарының алды болып жүрген , «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған іскер жан өнегелі отбасы да бола білді. Қыздары мектепті үздік бағамен бітірді. Бүгінде Светасы -Назарбаев университетінде сабақ беріп жүрген білікті ұстаз. Наташасы -білдей мекеменің бас есепшісі. Жиендері-Артем мен Таня да жоғары білімді жас маман.
Сонау тоқсаныншы жылдары ұзақ жылдар еңбек еткен мекемесі жабылып қалды. Өзгелер жұмыс таппай жатқанда, тәжірибесі мол, еңбек озаты ретінде белгілі ол «Ақтаугаз» акционерлік қоғамына слесарь болып жұмысқа тұрды. Кейінгі жастарға білгенін үйретуден, тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес. Зейнет жасына шыққан соң да алты жылдай осы кәсіпорында істеді.
Василий Ивановичтің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Темірден түйін түйген шебер. Шелек , қалақ , кетпен, пышақ дейсіз бе, не керектің бәрін жасайды.Үйді жөндеу, тұсқағаз желімдеу де ол үшін түк емес. Сантехнигіңізді жолда қалдыратын өнері тағы бар. Сексенге таяса да қимылы ширақ. Ерте тұрып, кемпірі Нина Ивановамен бірге күнде қала іргесіндегі саяжайға кетіп бара жатады. Онда өрік, алма, алмұрт, шие, қарақат, таңқурай, құлпынай, жуа, қызанақ, бұрыш, баялды- не керектің бәрі бар. Осының бәрін өсіру, баптау, күту қаншама еңбекті, қажыр-қайратты қажет етеді десеңші!
-Васеке, базардан сатып алған тиімді емес пе? Суға қыруар ақша төлейсіз, әрі қаншама уақытыңыз кетеді, -дегенім бар бірде.
-Базардан қолдан келсе алмаған дұрыс. Мен химиялық тыңайтқыштарға жоламаймын, малдың тезегін, ағаштың күлін қолданамын. Қыздарым, жиендерім таза жеміс жейді. Менен гөрі жассың ғой, сен де солай істе,-деп жөн сөзін айтқан. Ойланып қалдым. Ішімдікпен, темекімен әуестігі жоқ, ақадал еңбекті серік еткен жетпіс жеті жастағы қария болмашы зейнетақыға телмірмей, тер төгіп, өз отбасын ғана емес, қыздарын, жиендерін көкөніс, жеміспен қамтамасыз етіп, ауысқанын сатып, керегін өзі тауып жүр. Ал сіз бен біз ше?..
Болат ҮМБЕТОВ