©
Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің арасында «Самғау» ұлттық байқауының қорытындысы жарияланды.
«Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясының ұйымдастыруымен өткен байқауда қазақстандық брендтер тақырыбына арналды.
Онда еліміздің жер-жерінде экономика тақырыбына қалам тартып жүрген әріптесіміз жеңімпаз атанды.
Жиында конкурстың құрылтайшысы және ұйымдастырушысы «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Римма Тәжібаева байқаудың отандық өндірушілердің беделін арттыру арқылы төл нарығымызды қалыптастыру және халық арасында отандық өнімді насихаттау үшін БАҚ өкілдерінің күшін біріктіруге арналғанын атап өтті.
–Біз қашаннан бері отандық өнімдердің шетелдікінен артық болмаса, кем еместігін айтып келеміз. Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, елімізде жасалған өнімдердің сапасы мен пайдалы қасиеттері, дизайны жағынан айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Алайда, өз тауарларымыздың артықшылықтарын насихаттау жағы кемшін қалып келеді. Мұны жасыра алмаймыз. Сондықтан байқауды ұйымдастырғанда да, осы олқылықтың орынын толтырып, журналистер қауымын жұмылдыруды көздедік. Біз сол міндеттің үдесінен шықтық деп ойлаймын. Яғни, журналистер арасынан қызығушылық толқынын тудыра алдық, - деді ол.
Оның айтуынша, байқауға 200-ге жуық журналист қатысты. Олардың денін 18 бен 29 жас аралығындағы жастар болды.
Сонымен бірге ол биылғы наурыз айында байқау жеңімпаздарының Мәскеу қаласына барып, еліміздің өнімдерін насихаттауға арналған көрменің жұмыстарымен танысатынын атап өтті.
Жиында осы іс-шара туралы Еуразиялық Іскери Одақтың атқарушы директоры Сергей Шубин айтып берді. Ол Мәскеу қаласында Еуразиялық Іскери Одақ-ЭКСПО көрмесінің ашылғанын, сол жерде Қазақстанның 20-дан астам бренді ұсынылып отырғанын, наурызға дейін олардың саны 100-ге дейін жететінін айтты.
«Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Римма Тәжібаева осы мақсатnа өзі жетекшілік ететін ұйым мен Еуразиялық Іскери Одақ арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт жасау бойынша даййындық жұмыстарының жасалып жатқанын мәлімдеді.
– Біз отандық өнімдерді барынша насихаттап жатырмыз. Елімізде бүкіл жер-жүзіне қазақстандық бренд болатын, соны ұялмай көрсететін өнімдеріміз жеткілікті. Сол үшін 8 наурызда «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында Астана қаласында «Ұлы дала» қазақстандық тауарлар павильонын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда халық маркасы сертификатына ие болған 100 үздік отандық брендтің өнімдері шетелдік туристер назарына ұсынылады, – деді Р.Тәжібаева.
Жиын соңында конкурсты ұйымдастырушылар «Самғау» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапаттап, оларға дүниежүзі елдерін аралауға мүмкіндік беретін сертификаттар табыс етті. Енді бас жүлдегерлердің қатарында болған «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі Арнұр Асқаров Грузияға баратын болса, Bag.kz порталының журналисі Дәулет Жиенқұлов Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдама алды. Сол сияқты «Самғау» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша номинациясының иегерлері – блогер Вера Ляховская Қытайға, Nur.kz порталының шығарушы редакторы Ақырыс Сейтқазы Үндістанға барады. Байқаудың Акмола облысы бойынша номинациясының иегері – «Қазақстан» РТРК Ақмола облыстық филиалы, Қазақстан-Көкшетау телеарнасының жүргізуші-редакторы Раушан Сайлауқызы Ресей Федерациясына, «Bnews.kz» ақпарат агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Хасан Еспанов Әзербайжанға, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы жауапты хатшысының орынбасары Нұрқанат Қанафин Украинаға жолдама алса, «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова Түркияға жолға шығады. Сонымен бірге «Самғау» ұлттық байқауының Жамбыл облысы бойынша номинациясының иегері – «Shyraiber.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Айшат Жуасбаева Беларуське, Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Жәмила Мамырәлі Арменияға, «Неделя СК» облыстық апталық жарнамалық-ақпараттық газетінің шолушысы, «Информбюро» ақпарат агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі Алена Любушак Тайландқа барып келеді. Ал Қазақ радиосының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Дәулет Абылқасымовқа Египет Араб Республикасына жолдама берілді.