Ақтауда 23-28 қаңтар аралығында бокстан Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтеді. Теннис орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық 2001-2002 жылғы жас былғары қолғап иелері 11 салмақ дәрежесі бойынша бәсекеге түседі. Дода нәтижесінде жүлдегерлер Әлем чемпионаты мен халықаралық турнирлерге жолдама алады. Әділ қазылар алқасы жеңімпаз жастар арасынан Қазақстан жасөспірімдер құрама командасына үміткерлерді іріктейді.
«Алда өтетін Қазақстан чемпионаты бокс өнерінің өңірде дамуы мен кеңінен танылуына ықпал етеді. Былғары қолғап өнеріне әуес жас жеткіншектер бойына жеңімпазға тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды. Өр рух, зор ерік-жігер мен қажыр-қайрат балауса жас бойынан табылса, болашақ чемпион атанары сөзсіз. Ең бастысы жас өрендер өз қабілеті мен мүмкіндігін сынауға ұмтылуы тиіс. Әрине өңір жастарынан зор нәтиже күтеміз. Туған өлкеде жеңісті қолдан бермесіне сенеміз»,-дейді Маңғыстау бокс федерациясы президенті Марат Орманов.
Байрақты бәсекеде өңір мәртебесін Абылай Қалимов, (44 келі), Нұрбек Орысбай (48 кг), Жандос Қошмұхан (48 келі), Ішберген Алдияр (50 келі), Қыдырәлі Мұрат (52 келі), Нұрдәулет Бақытжан (57 келі), Рыскелді Сұлтанов (60 келі), Жасұлан Бекболұлы (63 келі), Арман Келеманов (66 келі), Нұрас Жеңіс (70 келі), Оразбек Нөкер (70 келі), Азамат Амангелдиев (75 келі), Азамат Набатов (80 келі), Күлжан Абзал (80 келі) қорғайды.
Голрох Жеменей