Өңірімізге іссапармен келген Қазақстан Республикасы бас прокурорының аға көмекшісі Марат Сқақов Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті. Кеңейтілген кездесуге облыс әкімінің бірініші орынбасары Сүйіндік Алдашев, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, қалалар мен аудан әкімдері, арадагерлер кеңесінің төрағалары, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпорын мен мекеме басшылары, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Тасеменұлы өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші тұрақты екенін хабарлады. Оның мәлімдеуінше, Тәуелсіздіктің алғашқы жылымен салыстырғанда аймағымыздың өндірістегі үлес салмағы 3 пайыздан 11 пайызға өсті. Соңғы 25 жыл ішінде өңір экономикасына 4 триллионнан астам теңге инвестиция тартылған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында түбек халқының саны 340 мың адам болса, қазір 640 мың адамнан асады.
Қазақстан Республикасы бас прокурорының аға көмекшісі Марат Нұрлыбекұлы халықты толғандырып отырған өзекті мәселелер турасында жүйелі әңгіме қозғап, жұртшылықты ұйытты.
– Ата- бабаларымыздың бастан өткерген қиын-қыстау күндері, небір зұлмат жылдардан кейін қастерлі Тәуелсіздікке қол жеткіздік. «Мәңгілік ел» боламыз десек, келешектің тұтқасын ұстайтын жастарға оң бағыт- бағдар сілтеуіміз керек. Қоғамда жастар бұзылды деген пікірді жиі естиміз. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Жас шыбық сияқты өсіп келе жатқан жастарымыз үлгі тұтатын, бой түзейтін ақсақалдар керек. Бүгінде еліміздің ынтымағын жарастыратын, татулық пен бірлікке ұйыстыратын ақсақалдарымыз азайып кетті. Бала күнімізде ата-әжелеріміз той- томалаққа ертіп баратын. Сөйтіп, ауылдың үлкендері өнегелі өсиет әңгімелерімен сусындап өстік. Мемлекеттің бағытын түзейміз десек, әрбір отбасында, мектепте, білім беру орындарында жақсы, үлгілі тәрбие берілуі керек, – деді қадағалаушы органның өкілі.
Еліміздің бас прокурорының аға көмекшісі Марат Нұрлыбекұлы ертеңгі ана, ұлттың болашағы, ұрпақ жалғастырушы қыздарымыздың тәрбиесіне тоқталды. Әдеби тілмен ойын әсерлі жеткізген аға көмекші әлеуметтік желілерде қыздардың бейәдеп қылықтары туралы видеоларды жариялап, тарататын қазақ жігіттерінің ісін сынға алды. Жиында сөз сөйлеген Маңғыстау облысының құрметті азаматы Биғали Тоқмурзиев қазіргі жастар арасында кең етек жайған әдепсіздік, тәртіпсіздік туралы ой-пікірін ортаға салып, тәрбие құралы болып саналатын радио, телеарналарда тағылым мен тәлімі мол бағдарламаларды түнгі мезгілде ғана берілетінін жеткізіп, газет беттерінде өнегелі әңгімелер жиі жазылса деген ұсынысын білдірді.
– Біздің ата-бабаларымыз ұрпағының болашағы үшін қиын кезеңдерде жат ұлт өкілдерін бауырына басты, құшағын ашты. Бүгінде қазақ қазақпен жау болып кетті. Бос уақытымыздың басым көпшілігі ұялы телефонға телмірумен өтіп жатыр. Жастарымыз уақытын зая кетірмей, пайдалы нәрселерге жұмсағаны жөн. Еліміз бірлікте, ауызбіршілікте, ынтамақта болса, алар асуымыз алда болмақ, – Қазақстан Республикасы бас прокурорының аға көмекшісі Марат Нұрлыбекұлы.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы бас прокурорының аға көмекшісі өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбек адамдарын «Тәуелсіздікке– 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Осы орайда ұзақ жылдар бойы «Маңғыстау» газетінде өндіріс, экономика тақырыбында қалам тербеген, бүгінде «Маңғыстау-Медиа» ЖШС ақпарат және дизайн орталығының жетекшісі Әбдіғалым Сәркеновті ұжым атынан мерекелік медалімен құттықтаймыз.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ