Облыстық ішкі саясат басқармасы, ардагерлер кеңесі және білім басқармасы 2015 жылғы «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының жеңімпазы атанған отбасының отағасы Орын Құлсариевті 85 жасымен құтықтап барды. Есімі елге етене таныс шырайлы шаңырақтың қуанышына ортақасқан меймандар өнер майталманына ақжарма лебізін білдіріп, сый-құрметке бөледі.
Ә дегеннен ақ адамды баурап алатын, жүздерінен мейірім шуағы төгіліп тұратын Орын ата мен Құндыз әже мерейлі тойға Жетібайдағы балалар музыка мектебінің мұғалімдерін де шақырыпты. Кең жайылған дастархан басында қадірлі қарияның өнердегі, өмірдегі ізбасарлары мен меймандар игі тілектерін айтып, емен-жарқын әңгімелесті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевтың құттықтауын оқып берді.
«Сіздің ғұмырнамалық өміріңізге ой жүгірткен адам қазақ өнері үшін өлшеусіз еткен еңбегіңізге куә болады. Қазақтың қасиетті қара домбырасында шебер ойнап, ұлттық музыка жауһарларын төгілте жеткізген хас талантыңыз бүгінде ұрпаққа аңыз, өшпес өнеге, тағылымы мол еңбек. Бүкіл ғұмырыңызды өлкенің өнері мен мәдениетінің қалыптасып, дамуына арнап, ізіңізді басар шәкірттер тәрбиелеп, өнер мектебінің жанданып, қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірдіңіз. Сіз баулыған өнер қырандары бүгінде еліміздің түкпір- түкпірінде жемісті еңбек етіп, руханият әлеміне қызмет етуде. Кісілік келбетіңіздің көрінісі ұлтымыздың рухани құндылықтарын дәріптеудегі еңбегіңізден көрінеді. Маңғыстаудың киелі маң даласындағы өзіндік қолтаңбаңыз әлі талай ұрпақтың таңдайын қақтырар, жүректеріне мақтаныш сезімін ұялатар, ғасырларға оза берер. Денсаулығыңыз мықты болып, ұрпақ қызығын тамашалап, ұзақ ғұмыр сүріңіз» делінген құттықтау хатта. Сондай- ақ, облыстық ардагерлер кеңесі мен білім басқармасы атынан мерейтой иесіне теледидар және гүл шоқтарын тарту етті.
Құттықтау сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов Жетібайда алғаш өнер мектебінің ашылуына Орын ағаның қандай еңбек сіңіргенін, шәкірттердің талантына кең жол ашқаны жөнінде әңгімелеп, қарияға денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Қойжанов өнерлі де өнегелі шаңырақ қоғамның құндылығы екенін айтып, ақжарма лебізін білдірді. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Звира Есбергенова «Мерейлі отбасы» байқауындағы естеліктерді еске түсіріп, жапырағы жайылған отбасыға амандық-саулық, бақ-береке тіледі.
– Орын ағамен көптен бері таныспын. Маңғыстауда Қаратаудың бойында туылып, өсіп-өндік. Орын аға мен Құндыз жеңгеміз жас күніндегі, балалық шақтағы қиыншылықты жеңіп, еңбектің арқасында отбасын құрып, өнегелі отбасына айналды. 1957 жылы 25 жасында Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысты. Алланың берген қабілетінің, талантының, көптің қолынан келе бермейтін батылдығының арқасында өнердегі, өмірдегі жолын тапқан бақытты кісі. Ағайын- туманы қанатының астына алып, үйлі- баранды болуына, еңбекке араласуына көп көмегін тигізді.Маңғыстаудың атын республикаға шығарған отбасының өнегелі жолы бізге үлгі. Жаңа қонысыңыздың іші шаттық пен берекеге толы болсын! Балаларыңыздың, немере- шөберелеріңіздің қызығын көріп, баянды ғұмыр кешіңіз!, – деді ардагер ұстаз Сәрсен Сражанов.
Балалар өнер мектебінің директоры Жанар Кенжебай, мұғалімдер, шәкірті Қайсар Жамбыл және Орын ағаның тумаластары дастархан басында меймандармен әңгіме- дүкен құрып, ән салып, игі тілектерін білдірді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген автор